×

Астанада үш адамға қаланың құрметті азаматы атағы берілді

Бұл атақты Серік Ақшолақов, Николай Тихонюк пен Қайсар Омаров алды

 Дастан Жұмабекұлы 05.07.2023 | 13:33
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астана қаласы мәслихатының сессиясында елорданың қалыптасуы мен дамуына қосқан үлесі үшін белгілі дәрігер-нейрохирург Серік Ақшолақов, қоғам қайраткері Қайсар Омаров пен еңбек сіңірген құрылысшы Николай Тихонюкке «Астана қаласының құрметті азаматы» атағы берілді.

Қала әкімдігінің хабарлауынша, Серік Ақшолақов отандық медицинаның дамуына зор үлес қосты. Ол операциялық микроскоп пен микрон нейрохирургия арқылы мидың базальды бөліктерінің, ми бағанының, мидың қарыншалары жүйесіндегі ісікке ең күрделі нейрохирургиялық операция жасайды.

Серік Ақшолақов ми мен омыртқаға 5 мыңнан аса операция жасаған. Ол елімізде алғаш рет микрон нейрохирургия, эндоскопиялық нейрохирургия негіздерін енгізді. Алғаш рет нейронавигацияны қолданды. Эпилепсияны жедел емдеудің жолын тапты. Оның басқа да медицина саласындағы жаңалықтары бар.

Бұл кісіге кезінде денсаулық сақтау саласын дамытудағы жетістіктері үшін «Қазақстанның Еңбек Ері» атағы берілген.

Николай Тихонюкке келсек, ол – Қазақстан Республикасына еңбек сіңірген құрылысшысы. Ел астанасы Алматыдан сол кездегі Ақмола қаласына ауысқан кезден бастап қала әкімінің бірінші орынбасары, Сарыарқа ауданының әкімі қызметтерін атқарды. Оның басшылығымен «Бәйтерек» монументі, «Думан» океанариумы, «Хан шатыр» сауда ойын-сауық орталығы, «Астана Опера» опера және балет театры, «Сарыарқа» велотрегі мен басқа да нысандар салынды. «Ерен еңбегі үшін» медалімен және мерейтойлық медальдармен марапатталған.

Қайсар Омаровтың есімі де елімізге кеңінен таралған. Ол – қоғам қайраткері, Парламент Сенатының бұрынғы депутаты, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері. Оның басшылығымен құрылыс, үлестік қатысу мәселелері бойынша заңнамалық база сапалы түрде жақсарды.

Қала құрылысын жоспарлау, жер учаскелерін бөлу, жобалау және құрылыс кезінде су қорғау, табиғат қорғау режимін сақтау мәселелері бойынша заң жобаларына 80-нен аса түзету енгізілді. Қайсар Омаров «Құрмет белгісі», «Құрмет» және басқа да ордендермен марапатталған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама