×

Қытайдан жаяу шыққан қандас Астанаға жетті (ВИДЕО)

Бұл сапарға Есбол Асқарұлы 4 жыл дайындалыпты

 Дастан Жұмабекұлы 01.07.2023 | 17:02
фото: elorda.info

Бүгін 1 мамырда Қытай Халық Республикасынан жаяу шыққан 26 жастағы қандасымыз Есбол Асқарұлы Астанаға жетті. Ол өзінің туған жері Шыңжаңның Манас ауданынан елордаға 60 күнде 3 мың шақырымды жаяу жүріп келді.

Марафоншыны Бауыржан Момышұлы мен Қордай көшелерінің қиылысында орналасқан Достық үйінде қала тұрындары мен қонақтары қарсы алды.

Elorda.info-ның хабарлауынша, кездесуде Алматы ауданы әкімінің орынбасары Есет Байкен Есбол Асқарұлына алғыс хат табыс еткен.  

Сіздің Еуразияның төріндегі Қазақстанның бас қаласы – Астананың 25 жылдығы қарсаңында дөңгеленген дүниежүзін жаяу аралап, марафонды елордамызда сәтті аяқтауыңызбен шын жүректен құттықтаймын. Бүгінде 1,5 миллионға жуық тұрғыны бар, қарқынды дамып келе жатқан елорда күні мерекесі қарсаңында Астанаға ат басын тіреуіңіз, әуелі жоспарланған жолдың межесіне жетіп, қазағымыздың қайсарлық қасиетін насихаттаудағы ізгі ниетіңізге ыстық ықыласымызды білдіреміз, – делінген алғыс хатта.

Ал ҚазАқпараттың хабарлауынша, «Болат тұяқ» қоғамдық бірлестігінің орынбасары Нұбәрәк Нұрдәулет Есболға отандастарымыздың атынан ат мінгізіп, шапан жапты.

Бұл сапарға Есбол Асқарұлы 4 жыл дайындалған екен. Осы уақытта ол күнделікті 15-20 шақырым жүгіруді әдетке айналдырыпты. 

Мен – әлемге тарыдай шашылған қаракөз қазақтың бір ұлымын. 2019 жылы Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Қытайға барған сапарында телеарнадан сұхбатын көрдім. Ол кісінің қазақ тілінде айтқан қандастар туралы сөзі мені қатты тебірентті. Сол кезде мен осы сапарды армандаған едім. Бүгін міне, арманым ақиқатқа айналып отыр. Өз жоспарымнан 3 күн бұрын жеттім. Міне, Астана топырағын басып тұрмын, ерекше тебіреністемін. Қиындықтың бәрі артта қалды. Батыр бабаларымыз қалдырған ұлан-байтақ жерді табаныммен басып келдім. Қазағымның ғажайып табиғатын көрдім. «Алыстан бір ұлымыз елін аңсап келе жатыр» деп мені қарсы алып жатқан баршаңызға, ақ жаулықты аналарға, Астана қаласы әкімдігіне алғысымды айтамын, –  деді Есбол Асқарұлы.

Оның айтуынша, жол бойы Қазақстанның көрікті жерлерін, тарихи орындарын суретке түсіріп, әлеуметтік желілерде салып отырған. Оларды Қытайдағы қандастарымыз көріп, жақын танысты.

Атажұртқа сағынышымыз – ерекше. Сапардағы басты мақсатым – екі елдің достығын насихаттап, Астанаға алыстағы қандастардың ақ сәлемін жеткізу еді. Сол үшін де Астананың мерейтойына орай жетуді мақсат еткенмін. Бұл сапарым менің жалынды жастық шағымның ұмытылмас бір белесі болып қалады деп ойлаймын. Алдағы жоспарым осы елде қалып, қазақ елі үшін азаматтық үлесімді қосқым келеді, –  деді ол.

Есбол Асқарұлы 1997 жылы 1 мамырда Қытай Халық Республикасының Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының Санжы аймағы Манас ауданында туған. Ата-анасы ерте қайтыс болып, нағашы жұртының қолында өсіпті. Отбасында жалғыз бала екен.

Ол ҚХР Харбин қаласындағы университетте білім алғанын да айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама