×

2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді

Осы күні 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан

 Дастан Жұмабекұлы 29.06.2023 | 19:00
фото: ашық дереккөз

2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітілді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі хабарлады.

Осы күні 1913 жылы «Қазақ» газетінің алғашқы нөмірі шыққан болатын. Оның редакторы ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы болса, Ақаңның сенімді серігі тағы бір Алаш қайраткері Міржақып Дулатұлы басылымның өкілетті өкілі болды. Газет сол кездегі қазақтың меценаты Мұстафа Оразайұлы мен басқа да жанашыр азаматтардың көмегімен «Азамат» серіктестігінде басылды.

Ал «Алаш» партиясының жетекшісі, Алашорда автономиялы үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханов пен басқа да ұлт зиялылары газеттің тұрақты авторлары болып мақала жазып тұрды.

«Қазақ» газетінің жарыққа шыққан 2 ақпанды –  Ұлттық басылым күні деп бекіту де тегін емес. Өйткені, Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов бастаған ұлт зиялылары «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті.

«Қазақ» газетінің өзі 1913 – 1918 жылдар аралығында әуелі аптасына бір рет, кейін жетісіне екі рет шықты. Жалпы 265 нөмірі жарық көрген.

Бұған дейін мемлекет басшысы Қазақ радиосының 100 жылдығы аясында 1 қазанды Радио қызметкерлері күні деп ресми түрде бекіткен еді. Енді міне, 2 ақпан – Ұлттық басылым күні болып бекітіліп, журналистер үшін тағы бір атаулы күн белгіленіп отыр.

Белгілі журналист Төлен Тілеубайдың айтуынша, бұл идеяны осыдан тура 10 жыл бұрын, «Аманат» интеллектуалды пікірсайыс клубының отырысында белгілі алаштанушы ғалым, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор, «Егемен Қазақстан» газетінің қазіргі бас директоры Дихан Қамзабекұлы айтқан еді. Ол сол кезде: «Қазақстандағы баспасөз күнін «Қазақ» газетінің бірінші саны шыққан 2-ақпанға ауыстырайық» деген ұсыныс айтқан болатын.

Бұл ұсынысты Төлен Зәрубайұлы 10 жыл бойы баспасөзде, әлеуметтік желілерде қоғамның есіне салып отырды. Газетке мақала, әлеуметтік желіге пост жазып, тарихи әділеттіліктің салтанат құруына титтей де болса үлесін қосқысы келді.

Себебі Қазақ елі тәуелсіздігінің басында Алаш арыстары, «Қазақ» газеті тұр. Алаш арыстары азаттық жолында басын үлкен қатерге тігіп, патшаның қуғын-сүргінінен қаймықпай, өмірін осы күрес­ке арнады. Соның жолында құрбан болды. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан бастаған Алаш қайраткерлері «Қазақ» газеті арқылы ұлтымыздың санасын отарсыздандыру, ұлттық мемлекет құру, азат ел болу деген ұлы мұрат жолында бірікті, – деді журналист. 

Сөйтіп, қаламгердің айтуынша, елімізді бірлікке, ынтымаққа, әділеттілікке бастайтын ұсынысты Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі басшысының орынбасары Аида Балаева, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі бірден қолдады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама