×

Астана күні мерекесіне 50-ге жуық спорттық іс-шара жоспарланып отыр

Аренаға астана тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін

 Дастан Жұмабекұлы 30.06.2023 | 12:14
фото: ашық дереккөз

Астананың 25 жылдығына орай қалада 50-ге жуық спорттық-бұқаралық іс-шара өткізіледі. Бұл туралы қаланың Дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Еркеғали Карбозов айтты.

Елорданың 25 жылдығына арналған іс-шаралар шілде айында басталды.

2 шілдеде сағат 12:00-де «Барыс Арена» спорт сарайында өтетін он жылдық тарихы бар «Қазақстан барысы» турнирі маңызды оқиғалардың бірі болады.

Турнир елімізде ұлттық спорт түрлерін дамыту арқылы саламатты өмір салтын қалыптастыру қағидаттарын насихаттау, ұлттық спорт түрлерімен айналысуға тарту арқылы жастардың бойында патриоттық сезімді қалыптастыру, оның халықаралық аренадағы беделін және қазақ күресін дамыту арқылы ұлттық идея деңгейін арттыру мақсатында өткізіледі, – деді ол.

Оған еліміздің әр өңірінен 41 спортшы қатысады. Руслан Әбдіразақов, Нұрдәулет Жарылғапов, Ерасыл Қажыбаев, Ғалымжан Қырықбай, Мақсат Исағабылов және т.б. танымал балуандар қатысады деп жоспарланып отыр.

27 маусымда Астанада ерлер мен әйелдер арасында бокстан II халықаралық «Елорда кубогы» турнирі басталды. Қазір 10 елден келген 200-ден аса боксшы қолғап түйістіріп жатыр. Олардың ішінде Өзбекстан, Қытай, Үндістан, Моңғолия және өзге де елдердің өкілдері бар. Жарыс 6 күнге созылады. Жекпе-жектер Qazsport телеарнасы мен QAZAQ RING YouTube-платформасының тікелей эфирінде көрсетіледі.

Бокс күнделікті сағат 14:00-де басталады. Аренаға астана тұрғындары мен қонақтары үшін кіру тегін.

2 шілдеде Триатлон-паркте BI GROUP IRONMAN 70.3 Astana ірі халықаралық жарыстарында триатлон әуесқойлары бас қосады.

Сондай-ақ қалыптасқан дәстүр бойынша Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың 25 жылдығына орай қалалық ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлерінің федерациясы ұйымдастырған бәйгеден республикалық турнир өтеді. Еліміздің барлық өңірінен 100-ге жуық шабандоз «Қазанат» ипподромында жарысады. Жарыс бағдарламасында 7 шақырымдық «Құнан» және «Жорға» бәйгесі, 15 шақырымға арналған «Топ» және 22 шақырымдық «Аламан» бәйге бар. Бәйге 6 шілдеде сағат 10:00-де басталады, - деді ол.

Сонымен қатар 6 шілдеде елорданың 25 жылдығына орай «Толағай алыптары» ашық қалалық турнирі өтеді. Оған 18 жастан асқан қала тұрғындары мен қонақтары қатыса алады. Турнир өтетін орын – Орталық саябақтың автотұрағы.

9 шілдеде Амфитеатр алдында «Қажымұқан жолы» мәдени-спорттық жобасын, 9 және 19 шілдеде «Astana Zhuldyzdary» халықаралық шахмат турнирін, балалар, жасөспірімдер, жастар және ардагерлер арасында «Астана кубогы» шинкиокушинкай каратэден республикалық турнирін өткізу жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама