×

Люксембургпен екіжақты жобалар көбейе бастады – Тоқаев

Өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойылды

 Дастан Жұмабекұлы 29.06.2023 | 17:38
фото: Ақорда

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Люксембургтің Сыртқы істер министрі Жан Ассельборнмен кездесті.  

Кездесуде Қасым-Жомарт Тоқаев Жан Ассельборнға ілтипат білдіре отырып, оның бұл сапары көптеген сала бойынша екіжақты ынтымақтастықты одан әрі дамыту үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатынын атап өтті.

Мемлекет басшысы Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттельмен БҰҰ Бас Ассамблеясының 77-сессиясы алаңында өткен келіссөздерін еске алды.

Сол кезде Қазақстан мен Люксембург арасындағы өзара тиімді серіктестікті дамытудың ұзақмерзімді перспективалары туралы өте табысты әрі мазмұнды әңгіме болды. Қазақстан cіздің еліңізді және халқыңызды құрметтейді. Біз өзара ынтымақтастығымыздың болашағына сенеміз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Кездесуде тараптар көлік және логистика, цифрландыру, «жасыл» энергетика салаларындағы, сондай-ақ Астана халықаралық қаржы орталығы аясындағы өзара іс-қимыл перспективаларын қарастырды.

Жан Ассельборн екі ел арасындағы қарым-қатынастардың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті.

Бүгін таңертең біз өзара түсіністік туралы екі меморандумға қол қойдық. Қазір Cargolux-тің Қазақстанға апта сайын 21 рейс жасайтынын білесіз. Сондай-ақ Люксембург мультимодальды хаб саналады. Осыған байланысты Астана әуежайы – біз үшін өте маңызды пункт. Люксембург компаниясының осы бірлескен ірі жобаны іске асыра алатынына ризашылығымды білдіремін. Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрімен өзара түсіністік туралы екінші меморандумға қол қойдық, – деді Люксембургтың Сыртқы істер министрі.

Сонымен қатар Қасым-Жомарт Тоқаев пен Жан Ассельборн халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама