×

Ақтөбе облысында шағын жинақты мектептерді дамытуға 4 млрд теңгеден аса қаржы жұмсалады

Жоба өңірдегі 134 шағын жинақты мектептерде іске асырылады

 Динара Амантай 20.06.2023 | 15:50
Фото: Ақтөбе обл. әкімдігінің баспасөз қызметі

Ақтөбе облысында қайырымдылық жобасы аясында шағын жинақты мектептерді дамытуға 4 млрд теңгеден астам қаражат жұмсалады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Облыс әкімдігінің мәліметінше, өңірде «Цифрлық технологияларды қолдана отырып, Ақтөбе облысының шағын жинақты ауылдық мектептерінің әлеуетін дамыту» пилоттық жобасын іске асыру басталады. Ақтөбеде өткен жобаның тұсаукесеріне облыс әкімі Ералы Тоғжанов, Оқу-ағарту вице-министрі Айбат Ілиясов, «Қазақстан халқына» қорының басшысы Болат Жәмішев, Қазақстанның еңбек сіңірген мұғалімі, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, Aitas Foundation корпоративтік қорының басшысы Ксения Верба, өңірдің білім басқармасы өкілдері, ШЖМ директорлары, сондай-ақ өзге де серіктестер қатысты.

Пилоттық жоба өңірдегі 134 шағын жинақты мектептерде іске асырылып, мұғалімдер тапшы шалғайдағы ауылдық мектептерді қамтиды. Жобаны «Қазақстан халқына» қоры, білім беруді тұрақты дамыту қоры, Оқу-ағарту министрлігі және Ақтөбе облысының әкімдігі жүзеге асырып жатыр. Мұндағы мақсат – шағын жинақты мектептерде цифрлық шешімдерді енгізу арқылы білім беру сапасы мен оқыту тиімділігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту, педагогтерді кәсіби дамыту.

Ералы Тоғжанов бұл жоба ауылдық жерлерде орта білім беру сапасын одан әрі арттырып, оқушылардың тұрғылықты жеріне қарамастан білім алу үшін тең мүмкіндіктерді қамтамасыз етуде маңызды қадам екенін алға тартты.

Мемлекет басшысының қолдауымен елімізде балалардың жан-жақты дамуы мен сапалы білім алуына барлық жағдай жасалған. Дегенмен, қалалық және ауылдық мектептер арасындағы білім алшақтығына әсер ететін факторлар да бар. Осы мәселелерді шешу үшін бізде бірқатар шаралар жүзеге асырылып жатыр. Біз ауылдық және қалалық мектептер арасындағы білім деңгейіндегі алшақтықты жою мақсатында шағын жинақты мектептерді қолдауға бағытталған «БІЛІМ ALL» өңірлік жобасын алғаш болып іске қостық. Бүгінде жоба тиімділігін дәлелдеді. Біз бұдан әрі де осы бағытта жұмыс істеуге ниеттіміз», – деді Ералы Тоғжанов.

Статистикалық мәліметтерге сәйкес 404 жалпы білім беретін мектептің 72,5%-ы ауылдық жерлерде орналасқан, оның 204-і – шағын жинақталған мектептер. Пилоттық жоба 10,5 мың оқушыны қамтитын 134 шағын жинақты мектепте енгізіледі. Мектептер онлайн форматта оқыту үшін жаңартылған цифрлық кабинеттермен және зертханалық жұмыстарды жүргізу үшін ғылым кабинеттерімен жабдықталады.

Күләш Шәмшидинованың сөзінше, жоба аясында мектептерді дамытудың 4 моделі іске асырылады, оның ішінде стриминг, онлайн оқыту, тірек және магниттік мектептер кешенін құру, сондай-ақ цифрлық шешімдерді пайдалану. Әрбір модель тиімділік пен кемшіліктерді анықтау үшін сынақтан өткізіледі. Қорытындысында жобаны жақсарту және одан әрі ауқымын кеңейту туралы ұсыныстар беріледі. Жобаның жалпы бюджеті 4 млрд теңгеден астам, оның ішінде «Қазақстан халқына» қоры шағын жинақты мектептерді жарақтандыруға 2 млрд теңгеден аса қаражат бөледі.

Қор білім беру жобаларына қатыса отырып, балалардың сапалы білім алуына жағдай жасауға инвестиция салуда. Қайырымдылық дегеніміз бұл – денсаулық сақтау және әлеуметтік қолдау мәселелері ғана емес, сонымен қатар білім беру, мәдениет және спорт салаларындағы күрделі мәселелерді жүйелі шешуге қатысу. Біз тұрғылықты жеріне қарамастан, әрбір бала білім алу үшін тең мүмкіндіктерге ие болуы тиіс деп санаймыз, – деді Қордың басқарма төрағасы Болат Жәмішев.

Айта кетсек, жоба көптеген серіктес мен қатысушылардың басын біріктірді. Білім беруді тұрақты дамыту қоры оператор ретінде жұмыстарды үйлестіру мәселелеріне жауапты. Бұл қорды AITAS агроөнеркәсіптік холдингі қаржыландырады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама