×

Маңғыстау облысында мұнайшылар алапат өрттің алдын алды

«Оңтүстік Қаратұрын» кен орнында бұрғылау кезінде апат болды

 Дастан Жұмабекұлы 14.06.2023 | 09:21
фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Маңғыстау облысында «Оңтүстік Қаратұрын» кен орны ұңғымасындағы өртті алдын алуға арналған ведомствоаралық кеңес өтті.

13 маусымда Бозашы мұнай түбегінің солтүстік-батыс бөлігінде орналасқан «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнындағы бұрғылау кезінде болған өртке байланысты өңір басшысы Нұрлан Ноғаевтың төрағалығымен шұғыл кеңес өтті, деп хабарлады Маңғыстау облысы әкімінің баспасөз қызметі.

Кеңеске Энергетика вице-министрі Асхат Хасенов, «ҚазМұнайГаз» АҚ Басқарма төрағасының орынбасары Дәулетжан Хасанов, Энергетика министрлігінің көмірсутектер және жер қойнауын пайдалану саласындағы мемлекеттік бақылау департаментінің директоры Арымбек Құдайберген, Төтенше жағдайлар минимстрлігі өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті төрағасының орынбасары Самат Қазақбаев, Энергетика министрлігінің Мұнай-газ кешеніндегі мемлекеттік инспекцияның бас өңіраралық басқармасы басшысының орынбасары Нұрлан Өмірбаев, «Ақ Берен» мекемесінің Маңғыстау облысы филиалының басшысы, «КӘАҚҚ Республикалық орталық штабы» өкілдері, «Маңғыстаумұнайгаз» АҚ, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Қаражанбасмұнай» АҚ бас директорлары, «Бозашы Мұнай» ЖШС өкілдері, Маңғыстау облысы ТЖД және сала ардагерлері қатысты.

Кеңеске қатысушылар кен орнындағы өртті сөндіру бойынша бірқатар ұсыныстарын айтты. «Бозашы Мұнай» ЖШС бас геологы Александр Касьяненко ұңғыма кратерін ауыр бұрғылау ерітіндісімен толтыруды немесе газ қысымын төмендету үшін қосымша бүйірлік ұңғыманы қазуды ұсынды.

Жиында бас қосқандар апатты жоюдың түрлі нұсқаларын ортаға салды сондай-ақ, газ қысымының төмендеуіне байланысты өрт өздігінен жойылуы мүмкін деген пікірлер де айтылды.

Бізде газ қысымы төмендеп, өрттің өзі сөнгенше күтетін уақыт жоқ. Өртті сөндіру  шараларының алгоритмі шұғыл түрде жасалуы керек. Барлық жауапты тұлғалардың қосылуы қажет. Қаржыландырудың қажетті көлемі мен материалдық-техникалық база тізбегі көрсетілуі тиіс, – деді сала ардагері Балтабек Қуандықов.

Жиында Маңғыстау облысының әкімі кен орнындағы өрт қарапайым қауіпсіздік шараларының сақтамауынан болуы мүмкін екенін айтты.

Ұңғымаға түсетін газ қорының көлемі мен қысымын анықтап, кен орнындағы өртті жою іс-шаралар жоспарын жедел әзірлеу қажет. Жобаны мерзімінен кешіктірмей зерделеп, құзыретті мамандар бірауыздан мақұлдауы тиіс. Сондай-ақ, әзірлеу кезінде жедел шаралар қабылдау үшін барлық мердігерлік ұйымдар мен жауапты мамандар қатысуы қажет, – деді Нұрлан Ноғаев.

Жиыннан кейін облыс әкімі бастаған жұмыс тобы «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнының аумағына барды.

Мамандардың алдын-ала болжамы бойынша, техногендік апаттың себебі ұңғыманы бұрғылау барысындағы құрылыс жұмыстары кезінде ұңғыма сағасындағы газбен сұйықты тығыздаушы жабдықтың ашылуынан, яғни, герметизациялаудың бұзылуынан болуы мүмкін.

«Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС-ның қызметкерлері мен өртке қарсы күрес бөлімшелері апат орнында өртті толықтай жоюға дайын. Алайда бұрғыдан ұзақ уақыт газ-су өнімінің атқылауына байланысты қазір диаметрі 15 метр, тереңдігі шамамен 2-ден 3 метрге дейін шұңқырлар пайда болған. Соның салдарынан ошақ алаңына арнайы өрт сөндіру жабдықтарын жақындату мүмкін болмай отыр.

Өрт болған орынға өртке қарсы қызмет пен көмекші техниканың жиынтық жасағыннан құралған 33 бірлік техника және жеке құрамның 89 адамы, сондай-ақ, арнайы техника жіберілді. Қажетті күштермен құралдардың барлығы кезекшілік режимінде, –  деп хабарлады Маңғыстау облысы ТЖД.

Естеріңізге сала кетейік, өрт «Оңтүстік Қаратұрын» мұнай-газ кен орнында 9 маусым түнгі сағат 03-25-те ұңғыманы бұрғылау жұмыстары кезінде, №303 ұңғымадағы бұрғылау құралы көтеріліп кетіп, жер астынан газ-су қоспасы атқылауы себебінен пайда болған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама