×

Абай облысындағы өрт: сөндіру жұмыстарына 14 тікұшақ тартылды

Қазірге дейін жедел желіге 104 қоңырау түсті

 Динара Амантай 12.06.2023 | 10:45
Фото: ТЖМ баспасөз қызметі

Абай облысындағы орман өртіне қатысты ТЖМ осы уақытқа соңғы мәліметтерді жариялады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Қазір аумақта 3 бағытта (оңтүстік, батыс және шығыс жиекте) өртті сөндіру жұмыстары болып жатыр. Минералдандырылған жолақтар жасау жұмыстары қолжетімділігі қиын болуына байланысты тоқтатылды. Елді мекендерге қауіп жоқ.

Өртті сөндіруге ТЖМ, Орман шаруашылығы комитетінен, жергілікті атқарушы органдардан және Қорғаныс министрлігінен 1 500-ге жуық адам, 300-ден астам бірлік техника жұмылдырылған.

Сонымен қатар өрт аумағын аэровизуалды тексеру және өрт ошақтарына әуеден су төгу үшін 14 тікұшақ тартылды. Өртті сөндіру жұмыстары басталғаннан бері өрт ошақтарына әуеден 777 рет жалпы көлемі 2000-нан астам тоннаны су төгілді.

Кеше метеожағдайдың өзгеруіне байланысты (желдің екпіні секундына 18 метрге дейін) өрт төменгі бөлікте өрбіп, өрт ошағынан Талица ауылына (тұрғындар алдын ала эвакуацияланды) қарай бағыт алып, ауылды қорғауға өрт техникасы жұмылдырылған болатын. Өрт Талица ауылының шығыс жағынан далаға қарай өрбіп, өрт сөндірілді.

Төтенше жағдайлар министрі генерал-майор Сырым Шәріпханов оқиға орнынан өрт сөндіру жұмыстарын үйлестіріп жатыр.

Қазірге дейін жедел желіге 104 қоңырау түсті. ТЖМ және ТЖД жедел желі телефондары: 8 7172 53 32 84, 8 722 235 38 31.

«Қазгидромет» АҚ деректері бойынша 11 маусымда ауа райы жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстік 9-14 м/с жел болып, екпіні 15-20 м/с болады деп күтіледі. Күндіз ауа температурасы 25-30 С.

13 маусымда жауын-шашынсыз, солтүстік-батыс, солтүстік 9-14 м/с жел болып, екпіні 15-20 м/с дейін болады деп күтіледі. Ауа температурасы түнде 12-17 С, күндіз 27-32 С болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама