×

Журналист Думан Мұхаммедкәрімнің үйінде тінту жүргізіліп жатыр

Ақпаратты адвокат Ғалым Нұрпейісов журналист Данияр Молдабековке растаған

 Халық үні 09.06.2023 | 23:51
ашық дереккөзден

Қамаудағы журналист Думан Мұхаммедкәрімнің үйінде тінту жүріп жатыр. Ақпаратты адвокат Ғалым Нұрпейісов журналист Данияр Молдабековке растаған, деп хабарлады «Азаттық». 

Адвокаттың айтуынша, тінту «экстремизмді қаржыландыру» (258-бап) бойынша қозғалған қылмыстық іс негізінде жүргізіліп жатыр. Адвокаттың айтуынша, Думан Мұхаммедкәрім «қорғалуға құқығы бар» куәгер болса да, іс жүзінде жағдай басқаша болып отыр.

Журналиске бұған дейін «тыйым салынған ұйымның ісіне араласу» бабынан бөлек (405-бап) «экстремизмді қаржыландыру» (258-бап) бойынша да іс қозғалғаны белгілі болған еді.

Билікті қатаң сынап жүрген журналист Думан Мұхаммедкәрім 28 мамырда «бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды» деген айыппен 25 тәулікке қамалған. Журналист изоляторда сот шешіміне қарсылық білдіріп, өзге де талаптар айтып, аштық жариялаған.

«10 күннен бері тек су ішіп жатыр. Бүгін жауап алуға келгенде екінші қабатқа әрең көтерілді. Өте әлсіз. Арықтап кеткен. Күші жоқ», – деді адвокат.

Бұған дейін оның жақтастары 28 мамырда журналистің заңсыз ұсталуына байланысты құқық қорғау органдарынан тексеріс жүргізуді талап еткен. Полиция өкілдері тексеріс жалғасып жатқанын хабарлаған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама