×

Роман Скляр Торғай өңіріне бөлінетін қаражаттың көлемін айтты

Бұл қаражат 137 іс-шараға жұмсалады

 Дастан Жұмабекұлы 01.06.2023 | 12:47
фото: ашық дереккөз

Премьер-министрдің орынбасары Роман Скляр Мәжіліс депутаттарының сауалына берген жауабында Торғай өңіріне бөлінетін қаражат туралы айтты, деп хабарады ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, бұрынғы Торғай облысының құрамына кірген Амангелді және Жангелдин аудандарын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда дамыту мақсатымен Арқалық қаласы кешенді жоспарының жобасы Қостанай облысының аудандарын дамыту жөніндегі іс-шаралармен толықтырылды. Қостанай облысының Арқалық қаласын, Амангелді және Жангелдин аудандарын әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспарының жалпы сомасы 504,4 млрд теңге болады.

Бұл қаражат 137 іс-шараға жұмсалады. Оның ішінде республикалық бюджеттен 59,4 млрд, жергілікті бюджеттен 21,1 млрд теңге бөлінді. Жеке инвестициялар – 423,9 млрд теңге. Кешенді жоспарлардың жобалары Республикалық бюджет комиссиясының қарауына шығарылып, оң қорытынды алынды. Барлық іс-шаралар мен шығыстар көлемі заңнамада белгіленген тәртіппен бюджеттердің мүмкіндіктерін ескере отырып, бюджеттерді қалыптастыру және нақтылау кезінде нақтыланады, –  деді Роман Скляр.

Сонымен бірге, ол басқа да моноқалаларды дамыту жоспарының Үкімет қарауына түсетін уақытын мәлімдеді. Айтуынша, қазір Алтай, Арқалық, Жаңатас, Қаратау мен Серебрянск моноқаналары кешенді жоспарларының жобалары Үкіметке енгізіліп, алдағы отырыста қаралады. Ал Степногорск, Балқаш, Жітіқара, Лисаковск, және Риддер моноқаналары кешенді жоспарларының жобалары маусым айының бірінші жартысында Үкіметке енгізіледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама