×

Павлодарлық журналист Меккеге велосипедпен бара жатыр

Қазір ол Астанада виза мәселесімен айналысып жүр

 Дастан Жұмабекұлы 31.05.2023 | 16:44
фото: ашық дереккөз

28 мамырда Республикалық «Спорт жұлдыздары» журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Қожакелді Алданов Екібастұз қаласынан Сауд Арабиясының Мекке қаласына аттанды. Бұл туралы осы басылымның бас редакторы Мұсағали Тасқалиев айтты.

Біздің  «Спорт жұлдыздары» журналының Павлодар облысындағы меншікті тілшісі Қожакелді Алданов велосипедпен Екібастұз қаласынан қасиетті Меккеге қажылық парызын өтеуге шықты. Бұл сапар «Құнанбайдың ізімен Мекке сапары» деп аталады. Әріптесіміз Қазақстаннан Әзербайжанға, одан әрі Грузия, Түркия, Иордания елдері арқылы екі теңізді кесіп өтіп, Сауд Арабиясына жетуді жоспарлап отыр.

Қожакелді ініміз дәл қазір виза мәселесімен Астана қаласында жүр. Бүгін кешкісін жолға шығады. Ұзақ та қиын сапарға шыққан әріптесімізге сәттілік тілейміз! Ақ жол Қожакелді! Алланың өзі жар болсын саған!, –  деді ол.

Ал Қожакелді Алдановтың өзі жексенбі күні жолға шыққанын, таңертең Астана қаласына жеткенін айтты.

Аллаһым осы күнді бұйыртқан шығар. Жаным Жаратушыға аманат! Енді Аллаһым Меккеде, Қағбаның жанында Жаратқанға дұға етуді жазсын!, –  деді ол.

Қожакелді Алдановты қасиетті сапарға туған-туыстары мен жерлестері шығарып салған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама