×

Қазіргі геосаяси жағдайда көк паспорт қазақстандықтарға сенімділік береді – министр

Әрбір адам елдегі тұрақтылық сезініп, болашағына алаңдамауға тиіс

 Дәурен Ерболат 30.05.2023 | 18:05
Фото: «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы

Бүгінгі геосаяси жағдайда Қазақстан паспорты қазақстандықтарға сенімділік береді. Бұл туралы Ақпарат және қоғамдық даму министрі Дархан Қыдырәлі айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, бүгінде қазақстандықтарды көк ту мен төлқұжат біріктіреді.

Біріншіден, Қазақстан халқы Ассамблеясындағы (жиында) мемлекет басшысы «Шетелде бәрімізді, барлық спортшыны қазақ деп таниды. Сондықтан бәріміз бір ұлтпыз, бір тілде сөйлеуіміз керек» дегенді айтты.

Екіншіден, президент бізді (Қазақстанның) паспорты бен туы біріктіреді деді. Шын мәнінде қазіргі геосаяси жағдайда көк паспортымыз – біздің мақтанышымыз. Ол тұрақтылық пен татулықтың, тыныштықтың, өсіп өркендеудің белгісі. Сондықтан бүгінде көк паспортты алу – артықшылық. Еліміздегі азаматтарды біріктіретін фактордың бірі паспорт болса, екіншісі бәрімізді үлкен мақтанышқа кернейтін – көк туымыз, - деді Дархан Қыдырәлі жастармен кездесуінде.

Министр әрбір адам тұрақтылық сезінуге, дамуға мүмкіндік алуы керек деп санайды.

«Қазір әр азамат өз елінде тұрақтылықты сезінуі керек, болашағына алаңдамауға тиіс, ал көк паспортымыз болашаққа деген сенімділікке кепілдік болады. Әрине, қазіргі (геосаяси – автор) жағдайда бұл – біздің артықшылығымыз», - деп сөзін түйіндеді ведомство басшысы.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама