×

Түркістан облысында 100-ден астам сиырын бақташыға сеніп тапсырған бүкіл бір ауыл малынан айырылып қалды

Тұрғындар ортадан ақша шығарып бақташы жалдап, малдарын ұзақ мерзімге ауылдан алыс өрісте жаюға мәжбүр болған

 Халық үні 29.05.2023 | 08:08
Фото: turkystan.kz

Оқиға Түркістан облысы Сауран ауданына қарасты Шаға ауылында болған. Ай мен күннің аманында бүтін бір ауыл малынан айрылып, зар илеп отыр, деп хабарлайды Massaget.kz.

Жайылым жер болмағандықтан, тұрғындар ортадан ақша шығарып бақташы жалдап, малдарын ұзақ мерзімге ауылдан алыс өрісте жаюға мәжбүр болған. Күнделікті хабар алып тұрмай, малшыға сеніп тапсырған. Алайда араларынан бірі өз сиырларын сатпақ болып кенет өріске барғанда тек өзінің ғана емес, тұтас ауылдың төрт түлігінің орнын сипап қалған.

«Аяқ асты қаражат қажет болып, малымды сатайын деп ойладым. Сосын ойымда ештеңе жоқ, ауылдан ұзақ біршама жердегі жайылымға барсам, мал жоқ. Жоқ дегенде, тек әр жерде 2-3 бұзаудан жатыр. Қалғаны жоқ. Сеніп тапсырған бақташымыздың да қарасы көрінбеді. Басында жаман ой болған жоқ. Басқа жаққа жайып жүр ме деп ойладым. Сөйтіп әлгі малшымызға хабарлассам, тұтқасын көтермейді. Бір кезде телефонын мүлдем сөндіріп тастады. Сонда барып, білдік қой, оның түгел сиырды айдап, қашып кеткенін», - деп Бақтыораз Нұғыманов атты ауыл тұрғыны.

Ірі қараларының қолды болғанын білгеннен бастап іздеу салған ауыл тұрғындары содан бері әлі не сиырларының бірде-бірін, не малшыны таба алмаған. Үй іші, жақын туыстары да оның қайда жүргенінен бейхабар болып шықты.

Түркістан облысы Сауран аудандық полиция бөліміне хабарласқанымызда олар: «Күдіктіні іздеуге бар күшімізді жұмылдырып жатырмыз. Әзірге қандай да бір дерек жоқ. Бірақ істі ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы бойынша тіркедік» деп жауап берді

Сауран аудандық полиция бөлімшесінің тергеушісі Әсет Қартайғанов «Егер расында бұл іске бақташының қатысы бары дәлелденсе, аталған бап бойынша оны үш жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы күтіп тұр. Дегенмен ауыл жұрты бұл жаза оған аз, осынша малды жоқ қылған адамға бұдан әлдеқайда ауыр жаза қолдану керек. Және біздің сиырларымызды тауып берсін не сатып жіберсе, сот кінәлі адамнан ақшасын түгелдей өндіріп берсін» деп талап етуде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама