×

Балаларды ұруға заңмен тыйым салу ұсынылды

Қоғамдағы кейбір түсініктерді өзгерту керек

 Дәурен Ерболат 18.05.2023 | 13:55
Фото: Depositphotos.com

Қазақстанда балаларға қол көтеруге заңмен тыйым салу керек. Бұл туралы БҰҰ Қазақстандағы балалар қорының (ЮНИСЕФ) өкілі Артур Ван Дизен айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, қоғамда қалыптасқан кейбір әлеуметтік нормаларды өзгерткен жөн.

«Бұл балалар арасындағы зорлық-зомбылық пен оларға үлкендер тарапынан жасалатын зорлық-зомбылыққа қатысты. Оның салдары ауыр. Сондықтан осыны отбасыларға түсіндіру керек. Мысалы, «Мен осылай тәрбиелендім, осылай өстім. Мен де баламды осылай тәрбиелеймін» деп ойлаудың қажеті жоқ.

Баланы дауыс және қол көтермей-ақ тәрбиелеуге және өсіруге болады. Мұны ата-аналарға жеткізу үшін тиісті коммуникациялық кампания керек, - деді Артур Ван Дизен ОКҚ-да өткен дөңгелек үстелде.

ЮНИСЕФ өкілі Қазақстанда балаларды ұруға заңмен тыйым салуды ұсынды.

Дене жарақатын салуға заңмен тыйым салу – өте маңызды. Бүгінде 65 мемлекет дене жарақатын салуға заңмен тыйым салды. Тағы 27 ел бұл заңға қосылуды жоспарлап отыр. Оның арасында Қазақстанның көршілері де бар. Сондықтан отбасында да, отбасынан тыс жерлерде де дене жарақатына тыйым салу маңызды болып отыр... Біз балаларға зорлық-зомбылық жасалуына, оларды ұрып-соғуға жол бермеуіміз керек. Бұл – қоғам алдындағы міндетіміз, - деді ол.

Дөңгелек үстелге қатысқан ІІМ Әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Ренат Зулхаиров Қазақстанда балалардың құқығы заңмен қорғалатынын, оларды ұрғандар заң аясында қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылатынын атап өтті. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама