×

«Он бесінің көзі жойылды»: Павлодар облысында малға шапқан жыртқыш қандай жануар екені белгілі болды

 Халық үні 17.05.2023 | 08:40
Фото: massaget.kz

Павлодар облысында үйлердің қорасына кіріп, қой-ешкісін жайпап кеткен қандай жануар екені белгілі болды, деп хабарлайды Massaget.kz.

Ветеринария станциясы мамандары далада үйірімен жүрген 15 итті ұстап, кейбірінің көзін жойған. Солардың ішінде түстері біркелкі жеті сары ит ерекшеленеді. Мамандардың сөзінше, әбден тағы болып кеткен жыртқыштар әккі екен. Олар күндіз көбіне тығылып жатып, түнде ғана жорыққа шыққан.

Қазір 15 иттің көзі жойылған. Сары иттердің төртеуі ұстатпай кеткен. Мамандар соның ішінде бір ит қасқыр тұқымдас болуы мүмкін деген болжам жасаған. 

«Қылықтарына қарасақ, қасқырдың әрекетіне ұқсайды. Қойларды тамақтап қана өлтіре берген, жемеген. Адамдар өлген малды шұңқырға апарып тастаған соң ғана түнде келіп сол жерден жеген екен. Әбден жыртқыш болып кеткендері сондай - өз-өздерін де аямайды. Біз төрт күшікті ұстап, қамап қойып, ертеңінде қарасақ, үлкен екеуі ана екеуін өлтіріп, аяқтарын кеміріп тастаған. Қуып жеткенде, көлікке жүгіріп адамға айбат шегеді», - дейді Павлодар облыстық ветеринария станцияның бөлім басшысы Ержан Рахметов.

Ветеринария мамандары қауіп әлі де сейілмегенін айтады. Өйткені Ақсу қаласы аумағында иесіз қалған қаңғыбас ит көп.  

Айта кетейік, кейінгі аптада Павлодар облысы Ақсу қаласына қарасты бірнеше елді мекенде белгісіз жыртқыштар қорадағы малға шапқан болатын. Үш ауылда бірнеше рет болған түнгі қырғыннан халықтың 200-ге жуық ұсақ малы қырылып қалды.

Ақсу қаласына қарасты Айнакөл ауылында бір үйдің қорасына жыртқыштар бір аптада екі рет түсіп, қой-ешкісін түгел жарып кеткен. Ал Үштерек ауылында жайлауда отырған қойшының малына шауып, алғашында 35 ұсақ малға шапса, екінші жолы 50-ден аса қойды қозысымен бірге жайратып кеткен. Еңбек ауылында да жиырмадай ұсақ мал қырылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама