×

Павлодарда мемлекеттік тілге қатысты кикілжіңнен кейін кондукторлар қазақша үйренетін болды

Өңірде мемлекеттік тілді тегін үйренуге барлық жағдай жасалған

 Дәурен Ерболат 03.05.2023 | 16:57
Фото: peramoga.by

Павлодарда кондуктор мен бір топ жас арасында мемлекеттік тілге қатысты түсінбеушілік болды. Осыған байланысты кондукторлар қазақ тілін үйренеді. Бұл туралы автокомбинат директоры Александр Панченко айтты, деп хабарлады Pavlodarnews.kz.

Облыс орталығында болған келеңсіз оқиғадан кейін қазақ тілін оқытуды күшейтеміз. Бұл бізге әлі ауқымды жұмыс атқаруға міндетті екенімізді көрсетті. Мысалы, кәсіпорында қазақ тілінің классы бар. Алайда ол белсенді түрде пайдаланылмайды. Кондуктордың жолаушыларға қызмет көрсете алатын деңгейде қазақша білуі керектігіне көзіміз жетті, - деді Александр Панченко қаладағы Достық үйінде өткен кеңесте.

Ол автокомбинат жұмысшыларды қазақ тілін үйретуді күшейтетінін атап өтті.

Кондукторларға сөздіктер үлестіріледі. Мәдениет басқармасының көмегімен автобустардың ішіне қазақ қайраткерлерінің қанатты сөздері мен баннерлері ілінеді. Жақында болған оқиғаның қатысушысы (кондуктор) да қазақ тілін үйрену курсына бірінші кезекте жіберіледі, - деді автокомбинат директоры.

Сондай-ақ облыстық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Медет Тауасқан өңірде қазақ тілін тегін үйрену үшін барлық жағдай жасалғанын атап өтті.

Мұндай курстар трамвай басқармасында да бар. Оның басшысы Мүсілім Махмұдов трамвай кондукторларының бәрі қазақша түсінетінін, сұраққа мемлекеттік тілде жауап бере алатынын жеткізді.

Ana Tili орталығының басшысы Шолпан Кинжикова қазақша үйрету мәжбүрлеу арқылы емес, қоғамда оны меңгеруге ынтаны ояту арқылы жүзеге асуы керектігін еске салды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама