×

Теннистен Қазақстан құрамасы әлем чемпионаты іріктеу турнирінің ширек финалына шықты

Ертең қыздар командасы Жапониямен ойнайды

 Дастан Жұмабекұлы 02.05.2023 | 15:57
фото: Қазақстан теннис федерациясы

Теннистен Қазақстанның қыздар құрамасы Шымкент қаласында 16 жасқа дейінгілер арасында Азия – Тынық мұхит аймағы бойынша өтіп жатқан әлем чемпионаты іріктеу турнирінің ширек финалына шықты.

Бүгін қыздар құрамасы Иран командасымен кездесті. Күннің желді болғанына қарамастан, теннисшілеріміз қолайсыз ауа райына тез бейімделгенін көрсетіп, қарсыластарын ұтты.

Әуелі Анастасия Крымкова бір сағаттан сәл астам уақытқа созылған кездесуде Атфи Нитиді 6:3, 6:3 есебімен жеңді. Ариана Гогулина дәл сондай есеппен Ясаман Язданиден айласын асырды. Үшінші ойында Крымкова Полина Слепцовамен бірге жұптық сында Қазақстан құрамасына үшінші ұпайды алып берді. Есеп – 6:4, 6:1.

Осылайша, қыздар құрамасы мерзімінен бұрын ширек финалға шықты.

Енді ертең Ярослава Шведова жаттықтыратын команда Жапония құрамасымен ойнайды. Жапония да күні бұрын ширек финалға жолдама алды.

Ширек финал жеребесі 3 мамырдаі кешкісін тартылады. Әлем чемпионатына Азия – Тынық мұхит аймағынан тек 3 команда жолдама алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама