×

Бас прокуратура «Өзенмұнайгаз» АҚ тендерлерінің заңдылығын тексереді

Маңғыстау облысына орталық аппараттың қызметкерлері қатарынан құрылған жұмыс тобы келді

 Динара Амантай 29.04.2023 | 14:35
Фото: kursiv.kz

Бас прокуратура «Өзенмұнайгаз» АҚ тендерлерінің заңдылығын зерделейді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ведомство өкілдерінің мәліметінше, Бас прокурордың тапсырмасы бойынша Маңғыстау облысына орталық аппараттың неғұрлым тәжірибелі қызметкерлері қатарынан құрылған жұмыс тобы келген. Жұмыс тобының алдында «Өзенмұнайгаз» АҚ-да тендерлерді өткізу кезінде заңдылықтың сақталуы және ашықтықтың қамтамасыз етілуі мәселелерін зерделеу міндеті тұр. Мердігер ұйымдардың қызметкерлері бұл мәселені жиі көтеріп, оны еңбек жағдайларының нашарлауымен және жалақының төмендеуімен байланыстыратыны белгілі.

Осыған байланысты қадағалау ведомствосының қызметкерлері «Өзенмұнайгаз» АҚ-ның қаржы-шаруашылық құжаттамасын және сатып алуларын ықтимал бұзушылықтар мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің болуы тұрғысынан талдайды.

Сонымен қатар, Жаңаөзен қаласының және жалпы Маңғыстау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына талдау жүргізіліп жатыр. Талдаумен инженерлік инфрақұрылым және тұрғын үй құрылысы, кәсіпкерлік, мәдениет, спорт, туризм және агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, денсаулық сақтау жүйесін жетілдіру салаларындағы проблемалық мәселелер, сондай-ақ өңір үшін басқа да маңызды бағыттар қамтылады.

Жүргізілген жұмыстың нәтижелері қоғамға жеткізілетін болады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама