×

Астанада тағы да 70-тен аса көше қайта жөнделеді

Бұдан басқа биыл ұзындығы 13 км болатын 31 көше салынады

 Дастан Жұмабекұлы 26.04.2023 | 17:56
фото: Астана қаласының әкімдігі

Астанада ауа райы жылына бастаған соң, жолдарды жөндеу қайта басталды. Қала әкімдігінің хабарлауынша, биыл 70-тен астам көшені жөндеу жоспарланып отыр.

Биыл жалпы ұзындығы 54,3 км 72 көшеге орташа жөндеу жүргізу жоспарланып отыр. Оның 44-і –  ұзындығы 40 км орталық көшелер, 28-і қаланың елді мекендерінде орналасқан.

Мәселен, Әл-Фараби даңғылының Алаш көпірінен Пушкин көшесіне дейінгі учаскеде, Уәлиханов көшесінің Бөгенбай батыр даңғылынан Кравцов көшесіне дейінгі аралықта, Шәкірім Құдайбердіұлы даңғылынан Мұстафин көшесінен Қошқарбаев даңғылына дейінгі тұсы, «Тұлпар» көпірі, Тұран даңғылынан Қорғалжын көшесінен Сарайшық көшесіне дейін және басқа да учаскелер жөнделеді, – делінген хабарламада.

Сондай-ақ, жоспар бойынша шұңқырлы орындарды жөндеу, жаңа тротуарлар, аялдауға арналған орындар мен пандустар салу бар.

Сонымен қатар, биыл Астанада ұзындығы 13 км болатын 31 көше салынады. Төрт көшедегі жөндеу жұмысы толығымен аяқталады. 19 көше бойынша жұмыс жалғасады. Тағы сегіз көшені жөндеу енді басталады.

Сол сияқты биыл Есіл өзені арқылы өтетін Тәуелсіздік даңғылындағы көлік қозғалысына арналған көпір ашылады. Бұл жолдардағы көлік нөпірін едәуір азайтуға мүмкіндік береді. Тәуелсіздік даңғылы, «Нұрлы жол» теміржол вокзалының маңы, Қошқарбаев даңғылы, Нәжімеденов көшесі, Әзірет Сұлтан мешіті ауданы, Байтұрсынов, Қордай, Айнакөл көшелері, Момышұлы даңғылы мен сол жағалау арасындағы қосымша байланыс жолы ашылады, – делінген хабарламада.

Бұдан бөлек қазіргі уақытта Н.Тілендиев даңғылы мен Ш.Бейсеков көшесінің қиылысында екі деңгейде көлік айрығын салу жобасы жүргізілуде. Перспективалы көлік айрығы ауданында инженерлік желілерді салу, сондай-ақ көпір өткелінің темірбетон тіректерін орнату жұмысы басталды. Жоба екі жылға есептелген.

2024 жылдың соңында жол жүруді қамтамасыз ету жоспарланып отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама