×

Министрлік интернеттің өшірілуіне қатысты желіде тараған қауесетті жоққа шығарды

5-9 мамыр аралығында жылжымайтын мүлікке байланысты қызметтер түрлері көрсетілмейді

 Ая Өміртай 25.04.2023 | 16:05
Фото: belhumanrights.house

Павлодар облысында екі апта бойы интернеттің толық өшірілуі туралы қауесетті Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жоққа шығарды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Бұған дейін әлеуметтік желілерде Павлодар облысында 26 сәуір мен 10 мамыр аралығында интернет толығымен өшіріледі деген ақпарат тараған болатын. Whatsapp желісінде тараған хабарламада белгісіз әйел Павлодардағы дүкендерде 26 сәуірден 10 мамырға дейін интернет мүлдем болмайтындығын айтып, аудио хабарлама таратқан. «Электронды кассалық машиналар иелеріне хабарлама келді, сондықтан алькуляторлар мен таразыларды қолданыңыз».

Бұл ретте жауапты министрліктің баспасөз қызметі аталған ақпаратты жоққа шығара отырып, Павлодар облыстық цифрлық технологиялар басқарма тарапынан тиісті жауап жолданғанын хабарлады. Сондай-ақ интернет желісін ажыратуға Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің құзыреті жоқ екендігін атап өтті.

Бұл ақпарат шындыққа жанаспайды. 2023 жылдың 24 сәуіріндегі жағдай бойынша барлық байланыс операторларының ақпараттық-телекоммуникациялық инфрақұрылымы қалыпты жұмыс істеп тұр. Сіздерді сенімді көздерден алынған ақпаратқа сенуге және фейк таратпауға шақырамыз, – делінген министрлік таратқан хабарламада.

Аталған жайтқа қатысты, Цифрлық үкіметті қолдау орталығы да кассалық операциялар, QR-терминалдар жұмысы, басқа да мәмілелер, оның ішінде нотариалдық қызметтер бойынша да барлық жұмыс әдеттегідей жүре беретіндігін хабарлады.

Орталықтың мәліметінше, мамыр айының басында бір ақпараттық жүйедегі деректерді екінші ақпараттық жүйеге ауытыру жоспарланған. Сонымен бірге «Жылжымайтын мүлік тіркелімі» мемлекеттік деректер қорындағы ақпарат «Жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастры» ақпараттық жүйесіне ауыстырылады.

Бұл процес интернет-провайдерлерінің жұмысына ешқандай кедергі келтірмейді. Мамыр айының 5 мен 9 аралығында жылжымайтын мүлікке байланысты барлық қызметтер (мүлікті тіркеу, тұрғылықты жері бойынша тіркеу және т.б.) көрсетілмейді. Азаматтар жер мен жылжымайтын мүлікке қатысты қазметтерді ХКО-дан да, egov.kz-дан да, басқа жерлерден де ала аламайды. Басқа қызмет түрлері күнделікті тәртіп бойынша көрсетіле береді. Жүйе тек қана мамар айының 5 ме 9 аралығында жұмыс істемейді, – делінген баспасөз хабарламасында.

Еске салайық, Қазақстанда жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған.

Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 274-бабына сәйкес, қоғамдық тәртіпті бұзу немесе азаматтардың немесе ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделеріне немесе қоғамның заңмен қорғалатын мүдделеріне елеулі зиян келтіру қаупін тудыратын көрінеу жалған мәліметтерді тарату немесе 1000 АЕК (345 000 теңге) мөлшерінде айыппұл салу немесе сол мөлшерде түзеу жұмыстарына тарту не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, не төрт жүз сағатқа дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеу немесе бір жылға не сол мерзімге бас бостандығынан айыру қарастылған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама