×

Астанада халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтіп жатыр

Іс-шараға шетелдік баспалар да қатысып жатыр

 Дәурен Ерболат 21.04.2023 | 15:42
Фото: Halyq Uni

Елордада Eurasian Book Fair-2023 халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесі өтуде, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесін өткізудегі негізгі мақсат – кітап оқуды насихаттау, қатысушы елдердің әдеби мұрасын қолдау, оқырман мәдениетін қалыптастыру. Кітап көрмесіне шетелдік 70-тен аса баспа, кітап саудасы, ғылыми-білім беру ұйымы және полиграфиялық компания қатысып жатыр.

Іс-шара аясында танымал журналист, публицист, аудармашы Бигелді Ғабдуллин өз кітаптарын таныстырып, оқырмандармен шығармашылық кездесу өткізді.

Оған Лев Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ғалымдары, журналистер және студенттер қатысты.

Мұндай кітап көрмесі жазушыға да, оқырманға да керек. Себебі, кездесуде жазушылар өзінің ойымен, зертханасымен бөліседі. Менің ойымша, оқырмандар кітаптарды оқып, өз өмірінің контексімен салыстырады. Осы кездесуде олардың сұрақтарына қуана-қуана жауап береміз. Бүгінгі іс-шараға қаншама адам келіп отыр. Бұл қазақстандықтардың кітапқа құштарлығын көрсетеді. Осындай кездесудің тәрбиелік потенциалы да бар, - деді публицист ағынан жарылып.

Бигелді Ғабдуллин халықаралық кітап көрмесіне «Салихалы сұхбат», «Ұлы көш», «СИЗО» деген кітаптарын алып келгенін айтты. Оның пікірінше, қазақстандықтар бұл кітап оқи отырып, тарих және әлеуметтік өткір мәселелермен танысуға мүмкіндік алады.

Біріншіден, «Салихалы сұхбат» деген кітабыма тоқталайын. Ол қазақ журналистикасындағы сұхбаттар туралы.

Екіншіден, «Ұлы көш» - қазақтың алғашқы хандары Керей мен Жәнібектен бастап, Нұрсұлтан Назарбаевқа дейінгі 550 жылғы тарихты қамтиды. Танымал ағылшынның Карлейл деген жазушысы «История мира – история великих людей» дейді. Тарихты жазғанда өте жауапты болып, тек шындықты жазу керек. Себебі, өскелең ұрпаққа тек шындық қажет. Тек әдебиет пен тарих патриоттық сезімді оятады.

Үшіншіден, «СИЗО» деген кітабыма тоқталайын. Бірнеше жыл бұрын абақтыда отырып шықтым. Осылайша, мен темір тордың аржағында не болғанын өзім көріп, жазып шықтым. Қазақстанда премьер-министр, министрлер түрмеге отырып шыққан. Алайда ешкім бұл туралы жазбаған. Сондықтан кітапта түрмеге түскен адамның жағдайы қалай болатынын, онда өзіңді қалай ұстау керегі туралы жазылған, - деді публицист.

Айта кетейік, Астанада жылдың үздік кітабы анықталатыны хабарланған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама