×

Таразда 16 млн теңгенің көлігі ұрланды

Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

 Динара Амантай 13.04.2023 | 12:30
Фото: admetkul.ru

Тараздық полицейлер автокөлік ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Полиция қызметкерлерінің мәліметінше, жедел басқару орталығына мөлтек аудандардың бірінде тұратын 34 жастағы азамат түнгі мезгілде аулада тұрған Toyota Сamrу автокөлігінің ұрланғандығы туралы хабарлаған. Ол өз көлігін сату үшін жарнама сайтына шығарғандығын және бірнеше ер-азаматтың келіп көргендігін айтқан. Шығын көлемі – 16 млн теңге.

Осы оқиғаға қатысы бар 27 жастағы Түркістан қаласының тұрғыны анықталды. Ол көлікті тексеру кезінде арнайы техниканың көмегімен өзімен бірге алып келген кілтті автокөлікке орнатып үлгерген. Түнде келіп, сол кілтпен көлікті ашып, Түркістан облысына айдап кеткен.

Полиция қызметкерлері автокөлікті Арыс қаласындағы жалға алынған үйлердің ауласынан тапты. Күдікті өз кінәсін толық мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамаққа алынды.

Аталған дерек бойынша ҚР ҚК-нің 188-бабы 4-бөлігімен тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама