×

Павлодар облысында ер адам туысына бару үшін 2 көлікті ұрлаған

Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды

 Дәурен Ерболат 10.04.2023 | 12:37
Фото: Павлодар облысы ПД баспасөз қызметі

Павлодар облысында полиция 2 көлікті ұрлаған күдіктіні ұстады, деп хабарлады облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.

25 наурызда түнгі сағат 00:05-те ер адам Ленин кентіндегі туысына бармақ болған. Ол Қамзин көшесіндегі 60-үйдің ауласында тұрғын 2008 жылғы Mitsubishi Lancer-ді ұрлап кеткен. Оның кілті көлікте болған. Алайда күдікті діттеген жеріне жете алмады.

Павлодар – Ленин кенті автожолының 9-шақырымында ер адам көлікті соққан. Mitsubishi Lancer-ді жолдың жиегінде қалдырған. Күдікті жолдан өтіп бара жатқан көлікпен Павлодар қаласына жеткен. Ол Естай көшесіне дейін барған. Сағат 4:15 шамасында үйдің ауласында есігі құлыпталмаған Toyota Estima-ға отырып, Ленин кентіне қайтқан. Ер адам ұрланған көлікті Қамзин көшесіндегі үйдің ауласында қалдырған, – деді Павлодар облысы Пд басшысының орынбасары Болат Нұрсейітов.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 200-бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Mitsubishi Lancer мен Toyota Estima көліктері айып тұрағына қойылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама