×

Қазақстанда дәрігердің кәсіптік жауапкершілігі сақтандыру жүйесіне енгізілмек

Заң жобасы медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруды көздейді

 Дәурен Ерболат 07.04.2023 | 13:20
Фото: Informburo.kz

Елімізде дәрігерлердің кәсіптік жауапкершілігі міндетті сақтандыру жүйесіне енгізіледі. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрі Ажар Ғиният айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, дәрігер – күрделі әрі жауапты мамандық.

Әлемдегі озық тәжірибені қарай отырып, медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін міндетті сақтандыру жүйесіне кезең-кезеңмен енгізу жоспарланып отыр. Мұндай тәсіл медициналық көмектің сапасын арттыруға мүмкіндік береді әрі халықаралық аренада Қазақстанның денсаулық сақтау рейтингіне де әсер етеді, - деді министр Мәжілісте кейбір заңнамалық актілерге денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер енгізу туралы заң жобасын таныстыру барысында.

Ажар Ғинияттың айтуынша, «Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы» кодекстің 270-бабында медициналық көмек көрсету кезінде науқастың өміріне немесе денсаулығына зиян келтірілген жағдайда медицина қызметкерлерінің кәсіптік жауапкершілігін сақтандыру құқығы заңнамалық түрде бекітілген.

Ондай норма бар, ал заң жобасы осы баптың іске асыру жолдарын бекітеді, - деді ол.

Министр заң жобасының медицина қызметкерлерінің мәртебесін арттыруға, науқастардың құқықтарын қорғауға және медициналық көмектің сапасын арттыруға бағытталып отырғанын жеткізді. Құжатты әзірлеу барысында халықаралық тәжірибелер зерттелген.

Айта кетейік, елімізде жыл сайын дәрігерлердің үстінен 300-ге жуық қылмыстық іс қозғалады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама