×

«Таппай қайтпаймыз». Жамбыл облысында жас сарбаздың із-түзсіз жоғалғанына айдан асты

Сарбазды іздеуге келген туыстары бір айдан бері Меркі ауданында пәтер жалдап жатыр

 Ұлдана Жұбай 07.04.2022 | 14:55

2 наурызда Жамбыл облысында жұмбақ жағдайда жоғалып кеткен сарбаздың табылмай жатқанына бір айдан асты. Із-түзсіз кеткен жас сарбазды іздеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр. Алайда, әскери борышын өтеуге кеткен Ұлықбек Бердішевтен еш хабар жоқ.

Іздеу жұмыстарына көңілі толмайтынын айтқан сарбаздың жақындары бір айдан бері Меркі ауданына қарасты Андас батыр ауылында үй жалдап, сонда тұрып жатыр. Тұла бойы тұңғышынан көз жазып қалған анасы «баламды таппай қайтпаймын» деп бекініп отыр.

«Андас батыр ауылынан үй жалдап тұрып жатырмыз. Баламды таппай бұл жерден қайтқым келмейді. Өз үйімде (Қызылорда облысы- авт.) шиеттей бала-шағам қалды, өзім Меркі ауданында жүрмін. Кері қайтқым келмейді, баламның осы жақта жүргеніне сенімдімін», - дейді сарбаздың анасы Орынкүл Мерекова.

Ұлықбекті әскерге өзі шығарып салған атасы Шектібай Мереков немересін қайдан және қалай іздеу керектігін білмейтінін айтып налыды.

«Баратын, іздейтін жеріміз қалмады. Ешқандай дерек жоқ. Кері қайтайық десек, артымызда баламыз қалып бара жатыр. Үміт үзбеуге тырысамыз. Жасым жетпіске келсе де, тау-таусты аралап жүрмін. Немерем табылса екен деймін. Фотосуретін ілдік, көрген-білгендер болса хабарын берсеңіздер, - дейді Ұлықбектің атасы халықтан көмек сұрап.  

Жоғалған сарбазды табу үшін күні-түні тау-тасты аралап жүрген Ұлықбектің туыстарына ауылдағы ағайын да көмек беріп жатыр екен.

Жоғалғанына 1 ай 6 күн болды. Көрдім-білдім деген адам жоқ. Жақындарына қиын соғып жатыр. Біз де жүрген жерімізде сұрастырып жатырмыз, - дейді ауыл тұрғыны Еркебұлан Назарқұлов.

Жоғалған сарбаздың туыстары Ұлықбекті тауып бергендерге сұраған сүйіншісін береміз деп отыр.

Еске салсақ, 19 жастағы Ұлықбек Бердішев 2 наурызда із-түзсіз жоғалап кеткен. Оны соңғы рет әскери борышын бірге өтеп жүрген әріптесі көрген. Оның сөзінше, Ұлықбек «Андас батыр» шекара заставасындағы ат қораны тазалап жүрген. Жас сарбаздың әскери борышын өтеп қайтуына небәрі жарты жыл ғана қалған еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама