×

Журналистерге жауап беруге міндетті: Мәжіліс төрағасы депутаттарды ашық болуға шақырды

Қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр

 Дәурен Ерболат 05.04.2023 | 10:41
фото: Halyq Uni

Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов депутаттарды белсенді әрі жауапты болуға шақырды, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бүгінгі жалпы отырысқа 97 депутат қатысып жатыр.

«Біріншіден, мемлекет басшысының реформаларының нәтижесінде елдегі негізгі саяси институттардың барлығы жаңғырды. Өткен мәжіліс сайлауы сол жаңарудың соңғы сатысы болды. Оған дәлел Мәжілісте алғаш рет 6 саяси партия және бірмандатты округтен сайланған депутаттар отыр. Біздің бағдарламаларымыз бен көзқарасымыз әртүрлі болғанымен елдің мүддесі, мемлекеттің мүддесі мәселелеріне келгенде бәріміздің ойымыз да, міндетіміз де ортақ. Сондықтан алдымыздағы мақсат-міндеттерді тізе қосып, бірге асыруымыз керек деп есептеймін.

Күн сайын жұмысымыздың қарқыны да, салмағы да арта түспек», - деді Ерлан Қошанов.

Екіншіден, ол заң шығару мәселесіне тоқталды.

Біздің негізгі жұмысымыз сапалы және нақты жұмыс істейтін заңдарды қабылдау. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев осы шақырылымның бірінші сессиясында жаңа Парламенттің алдында тұрған міндеттердің ауқымдылығына тоқталған болатын. Оның ішінде мемлекет басшысы еліміздің қарқынды дамуы үшін алдағы 5 жылда сапалы заңнамалық негіз жасауды тапсырды. Бұл үшін барлық алғы шарт жасалған. Мәжіліске заң қабылдау өкілеттілігі бүгінде толық берілді. Енді жүк те, жауапкершілік те бізге түседі деген сөз. Сондықтан депутаттар үйлесімді, тиімді және жүйелі жұмыс істеуі керек, - деді төраға.

Оның айтуынша, қазір Мәжілісте 50-ге жуық заң жобасы қаралып жатыр. Президенттің тапсырмасы бойынша жуық арада тағы да бірқатар заң жобасы келіп түседі. Оны депутаттар тез әрі сапалы түрде қабылдау керек.

«Бұдан бөлек, депутаттардың заң шығаруға бастамашы болуға өкілеттіміз бар. Сол мүмкіндікті біз толық пайдалануымыз керек. Оның үстіне, бәріміз өңірлерді аралап келдік. Көптеген депутат сол өңірлерден келді, қызмет атқарып. Біз барлық түйткілді жақсы білеміз деп айта аламын. Өзекті мәселелерді де жақсы білеміз. Сондықтан депутаттар белсенділігін барынша арттырып, осы мәселелерді заңнамалық түрде реттеуге ат салысады деп ойлаймын», - деді Ерлан Қошанов.

Үшіншіден, Мәжіліс төрағасы ашықтық мәселесі туралы айтты.

Ашықтық ұстанымы Мәжіліс жұмысындағы негізгі басымдық болып қала береді. Біз осы бағыттан айнымаймыз. Бүгінгі жалпы отырыстың өзі республикалық телеарналардан тікелей эфирде көрсетіліп отыр. Президент те бұл тәжірибенің тиімділігі туралы баса айтқанын білесіздер. Мәжіліске ашық әрі жария түрде қызмет етуге барлық жағдай жасалған. Журналистерге сұқбат беріп, өзекті мәселелер бойынша пікір білдіріп отыру - бұл депутаттардың басты міндеттерінің бірі, - деді ол.

Сондай-ақ Ерлан Қошанов заңдарды талқылауға қоғам өкілдері мен тәуелсіз сарапшыларды шақыру да өте маңызды екенін атап өтті.

«Әсіресе, мәслихаттар мен қоғамдық кеңестер арқылы Мәжілісте өңірлердің де үні естіліп жатуға тиіс. Сонымен бірге қоғамдық палата да көп ұзамай жұмысын бастайды. Ол қызу пікірталас алаңына айналатыны сөзсіз. Ел болашағына бей-жай қарамайтын барлық азаматқа, қоғамдық ұйымдарға есігіміз айқара ашық. Менің ойымша, нағыз халықтық Парламент дегеніміз осы. Осының бәрі елімізде Парламентте жаңа саяси дәстүр, жаңа саяси мәдениет қалыптасқанын көрсетеді. Алда ауқымды жұмыс күтіп тұр», - деп сөзін түйіндеді төраға.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама