×

Мәжіліс депутаттары премьерлікке Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қолдады

Парламенттің төменгі палатасында 98 депутат бар

 Дәурен Ерболат 30.03.2023 | 11:47
Әлихан Смайылов, фото: Halyq Uni

Мәжіліс депутаттары Үкімет басшысының лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасын қолдап, келісім берді, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Талқылау барысында Мәжілістегі барлық фракция басшылары Президент ұсынған кандидатураны қолдап дауыс берді. Тек Жалпыұлттық социал-демократиялық партиясының фракциясы бұл ұсынысты қолдамады. 

Мәжілістегі ЖСДП фракциясының мүшесі, депутат Нұрлан Әуесбаев оппозиция ретінде бұл ұсынысқа қарсы екенін жеткізді.

«Бүгінгі кездесуде көтерілген мәселе өте маңызды. Оны тағдыршешті десе де болады. Сөз жоқ, біз сіздің 30 жыл бойы әбден былыққа батқан жүйені өзгертемін деген құлшыныңызды көріп отырмыз. Бірақ оны ертең жүзеге асыратын мемлекеттік аппарат. Оның ішінде Үкімет екені анық. Күні кеше өзіңіз де болашақ Үкіметтің алдына бұрын-соңды болмаған ауқымды міндеттер қойдыңыз. Біздің 20 жыл оппозицияда жүріп, халқымыздың әл-ауқатының төмендеуіне Үкіметтің әлсіз әлеуметтік саясаты кінәлі екеніне көзіміз жетті. Енді бүгін тағы да AMANAT партиясы өз көпшілігін көрсетіп, ұсыным беріп отыр. Әрине, парламенттік оппозиция ретінде біз бұл ұсынысқа қарсымыз», - деді ол Мәжілістің жалпы отырысында.

Осылайша депутаттардың ішінде 82 адам Смайыловтың кандидатурасын қолдады. 7 депутат қарсы болды, 8 адам қалыс қалды.

Айта кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің және AMANAT партиясының төрағасы Ерлан Қошановты қабылдады. Мемлекет басшысына AMANAT партиясының атынан жаңа премьер-министр лауазымына Әлихан Смайыловтың кандидатурасы ұсынылды.

Қолданыстағы заңнамаға сәйкес, мемлекет басшысы ұсынылған кандидатураны Мәжілістегі партиялардың басқа фракцияларымен жуық арада талқылайды.

Еске сала кетсек, Парламенттің бірлескен отырысында Қасым-Жомарт Тоқаев премьер-министрдің кандидатурасын сайлауда жеңіске жеткен партия ұсынуға құқылы екенін айтқан болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама