×

U-20 әлем чемпионатын өткізетін ел өзгеруі мүмкін

Индонезия халқы Израильдің додаға қатысуына қарсылық білдіріп жатыр  

 Дастан Жұмабекұлы 28.03.2023 | 15:12
фото: ашық дереккөз

Футболдан биылғы жастар арасындағы әлем чемпионаты уақтылы өтпесе, мундиаль басқа елде өткізілуі мүмкін. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясы (ФИФА) мәлімдеді.

ФИФА-ның жоспары бойынша Индонезияда өтетін әлем чемпионатының жеребе тарту рәсімі 31 наурызда Бали аралдарының орталығы – Денпасар қаласында өтуі керек. Бірақ салтанатты рәсімге бір аптадан аз уақыт қалса да ФИФА әлі күнге дейін жеребе тарту рәсімі туралы ешқандай ресми ақпарат таратқан жоқ.

Оның бір себебі, Индонезия футбол федерациясы ФИФА-дан әлем чемпионаты өтетін қалалардың бастапқы тізіміне өзгертулер енгізуді сұраған. Ал ФИФА оны әлі бекітпей жатыр.

Индонезия БАҚ-ның хабарлауынша, Бали провинциясының губернаторы саяси себептерге байланысты Израиль жастар құрамасының аралда ойнағанын қаламайды. Жергілікті тұрғындар да осы мәселеге байланысты бірнеше рет қоғамдық шерулер өткізген. Сондықтан 20 мамырға жоспарланған әлем чепионатының басталуын кейінге қалдыруы мүмкін. Егер мәселе шешілмей жатса, ол басқа елде өтуі ықтимал.

Еске сала кетсек, U-20 әлем чемпионаты Индонезияда 20 мамыр мен 11 маусым аралығында өтеді деп жоспарланған болатын.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама