×

Қаңтар оқиғасы: Алматы әкімдігін күзеткен подполковникті өртеп жіберген

Оның денесі ғимарат төбесінен табылды

 Ербол Тұрымбет 04.04.2022 | 16:30
коллаж: Halyq Uni

Бас прокуратураның 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжановтың айтуынша, бүгінде дейін Алматы қаласында, Алматы, Жамбыл, Қызылорда облыстарында қоғамдық тәртіпті сақтау жөніндегі қызметтік борышын орындау кезінде 19 қызметтегі және болашақ офицерлердің қаза болу фактілері анықталған, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Мәселен, Алматы қаласы әкімдігінің ғимаратын күзетуге қатысқан қарусыз әскери қызметші, подполковник Хаировтың өлімі кезінде ерекше цинизм көрініс тапты. Оның денесі ғимарат төбесінен табылды. Тергеу көрсеткендей, зорлық-зомбылықпен өлгеннен кейін қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін оның денесін өртеп жіберген. 39 жастағы сарбаздың артында отбасы, екі кәмелетке толмаған баласы қалды, – деді Қилымжанов.

Қылмыскерлер Алмалы аудандық полиция басқармасы мен «Көк-Төбе» телемұнарасын басып алуға әрекет жасаған кезде қызмет борышы бойынша стратегиялық объектілерді қорғаған қызметкерлер Камбетов, Асылханов, Алмасов оқ атудан қаза тапқан.

«Талдықорған қаласы алаңында қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету кезінде Ұлттық ұланның 5514 әскери бөлімінің мерзімді қызметінің қарусыз әскери қызметшісі Амановқа 10 қылмыскер шабуыл жасаған. Қатыгездікпен ұрып-соғу нәтижесінде 18 жастағы Аманов көптеген дене жарақатын алған. Жас жігіт есін жимастан жедел жәрдем автокөлігінде мерт болған», – дейді ол.

2 қаңтарда Жаңаөзенде басталған наразылық акциясы басқа қалаларда да жалғасты. 4 қаңтарда Алматы қаласында басталған митингтің ертеңі дүрбелеңге, қанды оқиғаға ұласты. Осы жағдайға байланысты барлық аймақта төтенше жағдай режимі енгізіліп, президент Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше мемлекет басшыларынан террорлық сын-қатерді еңсеруде көмек сұрады. Тоқаев «Алматыға 20 мың террорист шабуылдады» деген пікір айтты. Жаппай тәртіпсіздік салдарынан бейбіт тұрғындар, күш құрылымдары қызметкерлері көз жұмып, жарақаттанды. Ғимараттар, көліктер қиратылып, бизнес зардап шекті. Қазір бірқатар шенеунік ұсталып, билікте ауыс-түйіс жүріп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама