×

Түркістан облысында айына миллиондаған табыс тапқан 8 заңсыз ойынхана әшкереленді

Ұйымдастырушылар бұрын сотты болған

 Динара Амантай 13.03.2023 | 10:41
Фото: polisia.kz

Түркістан облысының полицейлері заңсыз ойын бизнесінің 8 дерегін анықтады, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Түркістан облысы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері Сарыағаш қаласында ойын бизнесін ұйымдастырудың 8 дерегін анықтап, қызметіне тосқауыл қойды.

Атап айтқанда, жедел уәкілдер арнайы операция нәтижесінде сотты болғанына қарамастан қайта қылмыс жасап, заңсыз ойын бизнесін, яғни «электронды казино» ұйымдастырған Сарыағаш ауданының 2 тұрғынын анықтады. Алдын ала мәліметтер бойынша, бір ғана мекеменің заңсыз қызметінен ай сайын миллион теңгеден аса табыс түскен.

Ойын мекемелері мен ұйымдастырушыларының тұрғылықты мекенжайын тінту кезінде аппараттық-бағдарламалық кешендер, техникалық құрылғылар, құжаттар, ақшалай қаражат және басқа да заттай дәлелдемелер алынды.

Қазір аталған жайттар бойынша ҚР ҚК-нің 307-бабы («Заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыру») сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Тергеу әрекеттерін жүргізу кезінде осы қылмысты жасауға қатысы бар өзге де адамдардың кінәсі анықталады. Оқиғаның толық мән-жайы тексеріліп жатыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама