×

Наурыз айына арналған ауа райы болжамы жарияланды

Қазақстанда нағыз көктемгі ауа райы айдың үшінші онкүндігінде күтіледі

 Халық үні 01.03.2023 | 23:28
Фото: pexels.com

Синоптиктер Қазақстанда наурыз айына арналған ауа райы болжамын жариялады. Мамандар наурыз айында ауа райы тұрақсыз болатынын мәлімдеді, деп хабарлайды «Қазгидромет» РМК баспасөз қызметі.

Синоптиктердің мәліметінше, наурыз айында жауын-шашын мөлшері республиканың басым бөлігінде нормадан көп болады. Қазақстанның батысында, солтүстігінде және оңтүстік-батыста норма шамасында болжанады. Наурыз айы тұрақсыз ауа райымен басталады. Баренц және Карск теңізі ауданынан келетін циклон және онымен байланысты атмосфералық фронттар еліміздің басым бөлігінде жауын-шашынды жаңбыр және жылбысқы қар түрінде әкеледі. Еліміздің солтүстік жартысында бұрқасын болжанады. Ал оңтүстік жартысында жаңбыр, найзағай болуы мүмкін.

Еліміздің басым бөлігінде көктайғақ, желдің жылдамдығы 18-25 м/с дейін күшеюі күтіледі. Наурыз айының басында солтүстік өңірлерде ауа температурасы түнде 0-5°С, күндіз -2+5°С, оңтүстікте түнде -3+10°С, күндіз +13+20°С-қа дейін жоғарылайды деп болжанады. Тек Қазақстанның батысында, солтүстік-батысында батыс суық антициклонымен ауа температурасының түнде -5-12°С, күндіз 0-8°С-қа дейін аздап төмендеуі күтіледі. Қазақстанның қалған аумағында 3-4 наурызда ауа температурасының төмендеуі күтіледі.

Еліміздің солтүстік жартысында түнде -10-18°С, күндіз -3-10°С-қа дейін; оңтүстік жартысында түнде 0-8°С, күндіз +5+13°С-қа дейін болады.

Бірінші онкүндіктің екінші жартысында республика аумағында қайтадан тұрақсыз ауа райы күтіледі. Бұл батыс циклондарының ықпалымен және оңтүстік Каспий циклонының келуімен байланысты болады. Жауын-шашын, көбінесе жаңбыр жауады, күндізгі ауа температурасы айтарлықтай жоғарылайды. Қазақстнның солтүстік жартысында ауа температурасы күндіз -2+5°С дейін, оңтүстік жартысында +17+22°С дейін жоғарылайды деп болжанады. Ауа температурасының тағы бір төмендеуі батыс антициклонымен байланысты онкүндіктің соңында болжанады.

Екінші онкүндіктің басында Қазақстанның басым бөлігінде Иран аудандарынан жылы ауа массаларының ықпалымен жылы және жауын-шашынсыз ауа райы күтіледі. Ауа температурасы күндіз еліміздің солтүстік жартысында +3+10°С дейін, оңтүстік жартысында +18+25°С дейін жоғарылайды.

Наурыздағы ауа райы құбылмалы болады. Бұл осы айға тән жағдай. Ауа температурасы күрт төмендеп, аяз болуы және боран әлі де соғуы мүмкін. Екінші онкүндіктің кейбір күндерінде суық арктикалық ауа массалары енуі ауа температурасының төмендеуіне әсер етеді.

Солтүстік өңірлерде түнде ауа температурасы  -15-23°С, күндіз -5-10°С-қа дейін, еліміздің батысында, орталығында, шығысында түнде -13-18°С, күндіз 0,-5°С-қа дейін, оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерде түнде -2-10°С, күндіз 0+5°С-қа дейін болады

Қазақстанда нағыз көктемгі ауа райы айдың үшінші онкүндігінде күтіледі. Еліміздің оңтүстік жартысында ауа температурасы күндіз біртіндеп +15+25°С-қа дейін, солтүстік жартысында ауа температурасы +3+12°С-қа дейін жоғарылайды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама