×

Қазақстанда орыс немесе басқа тілдерде жазылған елді мекендердің атауы өзгеріссіз қалады

Сенат заң жобасына түзетулер енгізіп, Мәжіліске қайтарды

 Халық үні 02.12.2021 | 15:20
көрнекі фото: yandex.kz

Бүгін Сенатта көрнекі ақпарат және діни қызмет мәселелері туралы заң жобасы екі оқылымда қаралды.

Заң жобасының негізгі мақсаты – деректемелер мен көрнекі ақпарат мәтіндерін орфография нормаларына сай және мәтіндердің түпнұсқасына сәйкестігін сақтау арқылы қатесіз жазу. Жобада елдегі әкімшілік-аумақтық бірліктердің, физика-географиялық объектілердің атауын жазуға қатысты нормалар қарастырылған.

Білім және ғылым министрі Асхат Айғамабетовтің айтуынша, орыс немесе басқа тілдерде аталатын елді мекендердің атаулары өзгермейді, сол күйінде жазылады.

Мәселен, Мичурино ауылы сол күйі қалады, қазіргідей Мичурин ауылы деп өзгертілмейді. Андреевка ауылы Андреев деп жазылмайды. Монастырская көшесі (Монастырь көшесі емес) Монастырская деп өзгеріссіз қалады. Аққулы деген ауыл болса, оны Лебяжье деп аудармай, сол күйі Аққулы деп жазылады. Орал қаласы «Уральск» емес, Орал қаласы ретінде түпнұсқа бойынша жазылады.

Министрдің айтуынша, заң жобасының нормалары мемлекеттік тілдің қолдану аясын кеңейтіп, көрнекі ақпаратта қате жіберу мүмкіндігін барынша азайтады.

Мысалы, Қызылордадағы кішігірім ауылда айналма жол деген белгі тұрса, қолданыстағы заң бойынша оны міндетті түрде «айналма жол», «объезд» деп жазу керек. Енді халықаралық жол болмаса, туристер келмесе, тек қана қазақтар тұратын шағын ауылда тек бір тілде жазуға мүмкіндік беріліп отыр. Ал егер халықаралық жол болса, онда басқа тілдерде жазу мүмкіндігі қалады, - деп түсіндірді ведомство басшысы.

Одан бөлек, мемлекеттік емес ұйымдардың бланкілері мен маңдайшалары мемлекеттік тілде жазылады. Қажет болған кезде басқа тілдерде жазуға мүмкіндік беріледі.

Енді мемлекеттік емес мекемелердің атаулары, мысалы, шаштараз Әйгерім, Керуен дүкені міндетті түрде қазақ тілінде, қажет болған жағдайда орыс, ағылшын және басқа да тілдерде жазылуға тиіс. Заң жобасы хабарландыру, жарнама, прейскурант, баға белгілері, мәзір, көрсеткіштер және басқа да көрнекі ақпараттарды мемлекеттік тілде, қажет болған жағдайда орыс және (немесе) басқа тілдерде орналастыруды көздейді. Бір кездері қазақтілді халық тұратын елді мекендерде мәзірді екі тілде жазуды талап еттік. Егер олай жасамаса айыппұл салынды. Бұл талап кәсіпкерлердің, тіпті мұндай қажеттілік болмаса да, мәзірді екі тілде жазуына алып келді», - деп қосты Асхат Аймағамбетов.

Сенат депутаттары көрнекі ақпаратқа қатысты енгізілген түзетулерді мақұлдағанмен, құжаттың діни қызметке арналған бөлігіне бірқатар өзгеріс енгізіп, заң жобасын Мәжіліске кері қайтарды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама