×

«10 пәтерді пара ретінде алған»: Серік Жұманғарин мәлімдеме жасады

Сауда министрі ол пәтерлердің шынында өзіне тиесілі болғанын растады

 Халық үні 24.02.2023 | 08:34
Фото: inbusiness.kz

«Маған жала жауып отыр!». Он бірдей пәтерді пара ретінде алды деген ақпаратқа қатысты вице-премьер әрі Сауда және интеграция министрі осындай жауап қатты. Серік Жұманғарин мұндай ақпарат таратқандармен адвокаты айналысып жатқанын айтты, деп хабарлады «КТК» арнасы.

Өткен аптада интернет арналардың бірі оны Ақтөбе қаласынан құны 60 миллион теңгеге жуықтайтын 10 пәтерді пара ретінде алды деп айыптады. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігін басқарған тұста Жұманғарин әлдекімдердің мүддесін қорғады деп ақпарат таратқан болатын. Сауда министрі ол пәтерлердің шынында өзіне тиесілі болғанын растады. Бірақ ешқандай да пара емес. Айтуынша, ол үйлерді өзі құрған бизнес компаниясы тұрғызған. 35 жасыма дейін жеке кәсіппен айналыстым деген Серік Жұманғарин кейін үйлерді сатқысы келгенмен, алатын адам табылмағанын айтады. Сондықтан өз атыма аударып алуға тура келді дейді вице-премьер.

«Ол үйлерді 2007 жылы салып бастаған едік. Бірақ сол бір жылдары ипотекалық дағдарыс болып, құрылыс біраз тұралап қалды. Жеке шаруамды реттеу үшін 2011 жылы мемлекеттік қызметтен кетіп қалдым. Әйтеуір инвесторлар тартып, 2012 жылы ғана үй құрылысын бітірдік. Бірақ пәтерлердің аумағы үлкен болғандықтан ешкім ала қоймады. Заңды тұлғаларға салық көбірек, оның зияны компанияға тиіп жатты. Сондықтан 2016 жылы пәтерлерді өз атыма аударуға тура келді. Бұл жерде ешқандай қылмыс жоқ», -деді ҚР Премьер-министрінің орынбасары, Сауда және интеграция министрі Серік Жұманғарин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама