×

Түркияда құтқарушыларымыз үйінді астынан әйел адамды аман алып шықты

Ол тірі екеніне белгі берді

 Дастан Жұмабекұлы 08.02.2023 | 15:45
фото: видеодан кадр

Қазір қазақстандық құтқарушылар түрік әріптестерімен бірге жер сілкінісі болған жерлерде құтқару жұмыстарымен айналысып жатыр. Олар құтқару жұмысы қиын нысандарға бекітілген, деп хабарлады Zakon.kz.

Төтенше жағдайлар министрлігінің Telegram-дағы парақшасына шыққан мәліметке қарағанда, өткен тәулікте бірінші топ алты қабатты үйді зерттеді. Үй әбден қираған. Қазір құтқарушылар қиын жағдайда жұмыс істеп жатыр.

Іздестіру кезінде қаза тапқан 3 әйелдің денесі табылып, шығарылды. Үйінділерді тазарту, құрылыс конструкцияларын шығару жалғасып жатыр, –  делінген хабарламада.

Сондай-ақ екінші топ толығымен қираған 9 қабатты екі үйді зерттеп, жергілікті құтқарушылармен бірге қирындының арасынан зардап шеккен әйелді шығарып алды. Ол тірі екеніне белгі берді.

Құтқарушылар қиранды орнында жағдай қиын екенін айтты. Олар үйінділер арасынан адамдарды жылдам іздестіру үшін барлық қажетті шараны қабылдап жатыр.

Жұмыстар тәулік бойы жүргізіліп жатыр, – деді Төтенше жағдайлар министрлігінің өкілдері.

Қазір еліміз Түркияға жан-жақты көмек беріп жатыр. Бүгін президент Үкіметке Түркияға шұғыл көмек ретінде 1 млн доллар бөлуді тапсырды және құтқарушылардың екінші тобы барғалы жатыр. Тартылған құтқарушылардың жалпы саны – 100 адам.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама