×

Әлихан Смайылов Ресейдің премьер-министрімен кездесті

Негізгі басымдықтарымыздың бірі – Қазақстанмен қарым-қатынасты әрі қарай нығайта түсу, - деді Мишустин

 Динара Амантай 03.02.2023 | 09:56
Фото: t.me/KZgovernment

Премьер-министр Әлихан Смайылов кеше Еуразиялық үкіметаралық кеңестің отырысы аясында Ресей Үкіметінің басшысы Михаил Мишустинмен кездесті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Тараптар сауда-экономикалық ынтымақтастық мәселелерінің кең ауқымын, транзиттік және екіжақты жүк тасымалдау көлемін ұлғайту жөніндегі шараларды, шекаралық өткізу пункттерін жаңғырту жөніндегі жоспарларды және басқа да бірқатар тақырыптарды талқылады.

Әлихан Смайылов Қазақстан мен Ресей арасында экономикалық кооперация қарқынды дамып, өзара сауда-саттық деңгейі арта түскенін және бірлескен жобалар іске асырылып жатқанын айтты. Бұл ретте екі ел көшбасшылары арасындағы белсенді саяси диалогтың Қазақстан-Ресей әріптестігінің барлық салаларында жоғары қарқынды қамтамасыз етіп отырғаны атап өтілді.

Өткен жылдың 11 айында өзара тауар айналымы 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда айтарлықтай өскен. Өнеркәсіптік кооперацияның даму қарқыны жақсы, оның аясында жалпы құны 1 млрд долларға жуық 26 бірлескен жоба іске асырылды. Бұған қоса, құны шамамен 23 млрд доллар болатын 84 ірі жоба іске асырылуда және пысықталу сатысында. Осы жобалардың аясында 24 мың жұмыс орны құрылады деп күтіліп отыр.

Бұл Қазақстан-Ресей ынтымақтастығының зор әлеуетін көрсетеді, біз оны белсенді түрде қолдап, дамытуымыз қажет, — деді Әлихан Смайылов.

Өз тарапынан Михаил Мишустин екі ел Үкіметтері тұрақты байланыста екенін және өзара мемлекетаралық байланыстардың аса маңызды міндеттерін уақытылы шешіп отырғанын атап өтті.

Негізгі басымдықтарымыздың бірі – Қазақстанмен қарым-қатынасты әрі қарай нығайта түсу. Біздің ынтымақтастығымыз достық, стратегиялық серіктестік және одақтастық принциптеріне негізделген. Екі ел арасында өзара сауда-саттық табысты дамып келеді. Бұл ретте біз өнеркәсіп, машина жасау, энергетика, көлік және басқа да салаларда жаңа өндірістік тізбектер құруды жеделдету маңызды деп санаймыз, - деді Михаил Мишустин.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама