×

Астанада үш ауысымды мектептер әлі бар

Балабақша мен мектептегі орын тапшылығы өзекті

 Дәурен Ерболат 31.01.2023 | 17:15
Фото: ult.kz

Елордада әлі күнге дейін үш ауысымды мектептер бар. Бұл туралы бүгін президент Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оның пікірінше, Астана дарынды және зиялы азаматтар шоғырланған орталыққа айналуға тиіс.

Бірақ бұған кедергі болып отырған жайттар бар. Соның бірі – балабақшадағы және мектептегі орын тапшылығы. Қазір Астанада балабақша кезегінде 45 мың бала тұр. Кезінде осы мәселе арнайы мемлекеттік тапсырыс арқылы шешілуі керек еді. Бірақ жекеменшік балабақшаларға қаржы бөлінсе де ахуал түзелмей отыр. Әрине, олардың қызмет сапасына қатысты талап болуға тиіс. Дегенмен орынсыз тексеру жасап, жекеменшік балабақшалардың жұмысына кедергі келтірмеу керек. Қалада кейбір мектептер әлі күнге дейін үш ауысыммен оқытады, - деді мемлекет басшысы.

Сондай-ақ қалада білім ошақтарының құрылысы баяу жүріп жатыр.

«Былтыр небәрі 3 мектеп салынды. 8 мектеп дер кезінде пайдалануға берілмеді. Соның кесірінен бала саны артық және үш ауысыммен оқытатын мектептер көбейді. Кей сыныптарда 30-дан астам бала оқиды. Бұл, әрине, білім сапасына кері әсерін тигізеді. Сонымен қатар, ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған арнайы мектептерде орын жетіспейді. Әкімдік Оқу-ағарту министрлігімен бірлесіп, мұның бәрін шешуге баса мән беруі қажет», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Осы орайда президент мектеп салу мәселесі стратегиялық міндет екенін атап өтті.

Оны орындау үшін мемлекет қана емес, қалталы азаматтар да белсене атсалысуы керек. Мен бұл мәселені осыған дейін де талай рет айттым. Бірақ ниеті бар азаматтарды және нақты іс-әрекетті әзірге көріп отырған жоқпыз. Жалпы, жеке қаржыға мектеп салудың жолдарын ойластырған жөн, - деді ол.

Айта кетейік, бұған дейін президент елордалықтардың мәдениетіне көңілі толмайтынын айтқан еді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама