×

Біз ашық та тартысты бәсекеге дайынбыз – Елнұр Бейсенбаев

Партияның сайлауалды бағдарламасы әзірленіп жатыр

 Дәурен Ерболат 27.01.2023 | 17:38
Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

AMANAT партиясы алда өтетін Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауына 100% дайын. Бұл туралы партияның атқарушы хатшысы Елнұр Бейсенбаев Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің жұмысымен танысуы кезінде айтты, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Биыл 19 наурызда елімізде Мәжіліс пен барлық деңгейдегі мәслихаттардың депутаттар сайлауы өтеді. Елнұр Бейсенбаев науқанға AMANAT аса жоғары дайындықпен қатысатынын атап өтті.

Біз ашық та тартысты бәсекеге дайынбыз. Бағытымыз – әділетті Қазақстан, мақсатымыз – мемлекеттің тұтастығы, Тәуелсіздіктің баянды болуы, - деді атқарушы хатшы.

Ол Мәжіліс сайлауына ұсынылатын партиялық тізім қандай принциптер бойынша жасақталатынын түсіндірді. Үміткерлерді таңдаудағы басты принцип: ашықтық, әділдік және жаңару болады.

Бүкіл процесс ашық өтеді. Біз барлық ұсынысқа ашықпыз, іріктеу бастауыш партия ұйымдарынан бастап облыстық филиалдар, одан Орталық аппаратқа дейін белгіленген тәртіппен әділ өтеді. Ең белсенді, білімді, білікті азаматтар осы тізімге енуі керек. Оған қоса, әр түрлі жас өкілдері, жастар, әйелдер, түрлі мамандық иелері болуы тиіс. Өкілеттілік дегеніміз осы. Бұған қоса, партия тізімдерінде жаңа есімдер көп болады, - деді Елнұр Бейсенбаев.

Атқарушы хатшы бүгінде партия өз сайлауалды бағдарламасын әзірлеп жатқанын жеткізді.

«Бұл жұмысқа Мәжілістің экс-депутаттары, партия жанынан құрылған кеңестердің мүшелері, білікті саясаттанушылар, экономистер тартылды. Ал сайлауалды бағдарламаға ұсыныстар халықтан тікелей жиналады. Партияның Жарғысына сәйкес, бағдарламалық құжаттарды қабылдау съездің құзырында. Жер-жердегі партияластардың талқылауынан және сарапшылардың талдауынан өткен сайлауалды бағдарлама алдағы съезде қабылданады», - деді ол.

Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Әлия Садырбаева Сайлау туралы заңға сәйкес, партияның қоғамдық қабылдаулары халыққа көмек беру, кеңес беру жұмысын тоқтатқанын айтты. Бұл кезеңде партия қазақстандықтардан тек ұсыныс-тілектер жинап, сараптаумен айналысады.

Азаматтардың талап-тілектері қоғамдық қабылдаулардан бөлек call-орталықтар, партияның сайты мен электронды поштасы, еgov.kz, сондай-ақ WhatsApp арқылы қабылданады. Соңғы 7-8 күнде қоғамдық қабылдауларға 500-ге тарта ұсыныс-тілек түсті. Олар партияның сайлауалды бағдарламасын әзірлеу кезінде ескеріледі, - деді қабылдау бөлмесінің меңгерушісі.

Айта кетейік, Қазақстанда AMANAT-тың 243 қоғамдық қабылдау орталығы жұмыс істейді. Былтыр бұл орталықтарға 134 мың қазақстандық арыз-шағымын айтып келген. Олардың 90%-ының мәселесі оң шешілсе, қалған 10%-ның арыз-шағымы қаралып жатыр.

Сонымен қатар былтыр 984 ауылда 744 көшпелі қоғамдық қабылдау ұйымдастырылып, 7,4 мың өтінім түскен. Олардың үштен бірі дереу шешілсе, 60%-ы бойынша мәселені заң аясында шешу жолдары түсіндірілді, ал қалған 9%-ы орындалу үстінде.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама