×

ИИДМ көліктік бақылау қызметін автоматтандыруда жаңа пилоттық жобаны іске асырмақ

АБЖ-ны енгізгеннен бастап, айыппұлдардың есебінен бюджетке 50 млрд теңгеге жуық қаражат түскен

 Динара Амантай 30.12.2022 | 11:56
Фото: ru.sputnik.kz

Көліктік бақылау қызметтерін автоматтандыру мақсатында «Сергек» АБЖ технологиясын пайдаланудың мүмкіндігі қарастырылып отыр, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

22 желтоқсанда Ішкі істер министрінің орынбасары Сәкен Сәрсенов пен Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Динара Щеглованың төрағалығымен жұмыс отырысы өткізіліп, оның барысында ішкі істер органдарының еліміздің қалаларындағы автожолдарда жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты фото-бейне тіркеу бойынша жұмыс тәжірибесі талқыланды.

Статистикаға сәйкес, кейінгі 4 жылда елімізде 55 мыңға жуық жол-көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 60 мыңнан аса адам зардап шегіп, 8 мыңнан аса адам қаза тапқан.

Бұл ретте «Сергек» аппараттық-бағдарламалық жүйесі енгізілген сәттен бастап, еліміздің жолдарында өлім-жітімнің 50%-дан аса төмендеуі байқалып, қоғамдық орындардағы қылмыс айтарлықтай азайыпты. Сондай-ақ жол қозғалысы ережелерін сақтамағаны үшін төленетін айыппұлдардың есебінен бюджетке 50 млрд теңгеге жуық қаражат түскен.

Аталған заманауи жүйенің жұмысындағы оң нәтижені бағамдай отырып, ИИДМ көліктік бақылау қызметтерін автоматтандыру мақсатында осы технологияны пайдаланудың мүмкіндігін қарастырып отыр.

Қазір ИИДМ жол қозғалысы ережелерін бұзушылықтарды автоматты фото-бейне тіркеу үшін «Астана-Теміртау» учаскесінде пилоттық жобаны іске асыруды көздеп отыр. Сондай-ақ оны іске асыруға еліміздің IT-компанияларын ынтымақтастыққа шақырды.

Министрлік өкілдері бұл жобаның ірі көлемді және ауыр салмақты автокөліктердің қатысуымен болатын құқық бұзушылықты, сондай-ақ жолаушылар мен багажды тұрақты немесе тұрақты емес тасымалдау кезіндегі қауіпсіздікті автоматты түрде анықтап, көліктік бақылауды жүзеге асыру кезінде адами фактор мен сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін болдырмау арқылы жол төсемінің сақталуын қамтамасыз ету бойынша әлеуметтік және экономикалық тиімділікке қол жеткізуге септігін тигізетінін айтты.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама