×

Астанада мас болып жүріп ұрлық жасаған күдікті ұсталды

Полиция астаналықтарға сақ болуға кеңес береді

 Дәурен Ерболат 23.12.2022 | 13:30
Фото: ugorizont.ru

Елордада мас халде пәтерге ұрлыққа түскен ер адам ұсталды, деп хабарлады Polisia.kz.

Сарыарқа ауданы полиция басқармасының кезекші бөліміне елордалық тұрғыннан пәтерден жеке заттарының жоғалғаны туралы арыз түскен.

Криминалдық полицейлер жедел-іздестіру іс-шаралары барысында Ақмола облысының 41 жастағы тұрғынын ұстады. Оның Ықылас Дүкенұлы көшесіндегі көппәтерлі үйдің маңайында жиі жүретіні анықталған.

Күдікті күндіз ішімдік ішкен. Кейін ол көппәтерлі үйге кіріп, есіктердің тұтқасын тартып, пәтерлерге кірмекші болған. Ондағы үйлердің бірінде иесі жоқ екеніне көз жеткізген ер адам есіктің құлпын бұзып, ерлерге арналған 2 күртешені, қысқы кроссовканы, пәтердің кілттерін ұрлады, - деп жазылған хабарламада.

Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 188-бабы («Ұрлық») бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

41 жастағы күдіктіден заттай дәлелдер тәркіленді.

Полиция астаналықтарға сақ болуға және қауіпсіздік шараларын қатаң сақтауға кеңес береді.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама