×

Париж Олимпиадасының билеттері сатыла бастады

ХОК 10 миллион билетті сатылымға шығарды

 Дастан Жұмабекұлы 22.12.2022 | 13:47
фото: kazsports.kz

Францияның астанасы Париж қаласында өтетін ХХХІІІ жазғы Олимпиада ойындарының билеттерінің сатылымы басталды.

Жанкүйерлер сатылымның алғашқы кезеңінде алдымен Make Your Games («Өз ойындарыңды жинақта») атты билет пакетін сатып алу үшін 2023 жылғы 31 қаңтарға дейін https://tickets.paris2024.org сайтында тіркеуден өтуі керек. Осы жерде 31 қаңтардан кейін толық тізім жасалады. Егер сіздің өтінішіңіз лотереяда таңдалса, Make Your Games билет пакетін сатып аласыз. Содан кейін 13 ақпанда тіркелген жанкүйерлер арасында жеребе болады. Бұл туралы хабарлама әр адамның тіркеу кезінде көрсетілген электронды поштасына келеді. Осы орайда ескере кететін жайт, хабарлама алған азаматтар 48 сағаттың ішінде электронды поштаға келген сілтемені ашып, хатты алғанын растауы керек. Сосын билетті таңдап,оны 15 ақпаннан 15 наурызға дейін сатып алуыңызға болады. Жалпы, Make Your Games пакетіне жекелеген 3 сайыстың билеті кіреді.

Ал билетті жеке-жеке сатып алғысы келетін жанкүйерлер үшін тағы мынадай мүмкіндік беріледі. Яғни, 2023 жылғы 1 наурыз бен сәуірдің аяғына дейін https://tickets.paris2024.org сайтында тіркеуден өту керек. Содан кейін мамырдың басынан бастап билет ала аласыз.

Make Your Games билет пакеті – 72 еуро, ал жекелеген билет бағасы – 24 еуро. Толық ақпарат https://tickets.paris2024.org  сайтында жарияланған.  

Париж Олимпиадасының ұраны – Games Wide Open («Барынша ашық ойындар»). Ұйымдастырушылар осы арқылы жанкүйерлерді көптеп тартуды мақсат етіп отыр. Сол себепті, «Өз ойындарыңды жинақта» билет пакеті Олимпия ойындары тарихында алғаш рет ұсынылған.

Анықтама:

Халықаралық Олимпиада комитеті бас-аяғы 10 миллиондай билетті сатылымға шығарады. Оның 1 миллион билеті – 24 еуродан, жартысы – 50 еуро және одан арзан бағада қолжетімді болады. Тағы 3 миллион билеттің бағасы 100 еуродан басталады. Тек билеттің 15 пайызы қымбатқа сатылады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама