×

Балет әртісі және хореограф Болат Аюханов өмірден озды

Белгілі балет әртісі 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды

 Дәурен Ерболат 13.12.2022 | 11:22
Бjлат Аюханов, фото: gattrk.kz

Хореограф, Қазақ КСР халық әртісі Болат Аюханов өмірден өтті, деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Ақпаратты академиялық би театрының баспасөз қызметі растады. Белгілі балет әртісі 85 жасқа қараған шағында дүниеден озды.

Айта кетейік, Болат Аюханов 1938 жылы Семейде дүниеге келген.

1955 жылы Алматы хореография училищесін бітірген.

1955-1957 жылдары Ленинград хореография училищесінде тәжірибеден өтті.

1957 жылы еңбек жолын Абай атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық опера және балет театрында балет артисі болып бастады.

1959-1964 жылдары Анатолий Луначарский атындағы Мәскеу мемлекеттік театр өнер институтының хореография бөлімінде білім алды.

26 жасында Алматы хореография мектебін басқарды.

1967 жылы Алматы жастар балетінің көркемдік жетекшісі болды.

2003 жылы Алматы жастар балетіне мемлекеттік академиялық би театры атағы берілді.

Балет әртісі 1965 жылдан 2010 жылға дейін Қазақстан композиторларының музыкасына 30-дан аса театр қойылымын қойды. Оның қойылымдарын Еуропа, Азия, Солтүстік Америка көрермендері де тамашалады.

Балетмейстер қойған «Қыз Жібек», «Гамлет», «Кармен-сюита», «Шыңғысхан», «Болеро», «Қазақ сувенирі», «Батырлар» және тағы басқа қойылымдары қазақ балетінің алтын қорына енді.

Болат Аюханов «Дұшпан, тоғызыншы ұлдан қорық», «Әлсіз әйелдің оқиғасы», «Мадам Вонгтың құпиясы», «Несібелі», «Айдай сұлу Айсұлу туралы аңыз», «Қараңғылық мырзасы» фильмдеріне де түскен.

Болат Аюханов – Темірбек Жүргенов атындағы өнер академиясының профессоры, өнертану ғылымдарының докторы.

Ол 100-ден аса мақаланың, «Менің балетім»(1988), «Сезім биографиясы» (2000), «Балет витражы» (2005) кітаптарының авторы. 

Қазақ, орыс, түрік, литва, ағылшын және украин тілдерін меңгерген.

Болат Аюханов – Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының, Қазақстанның «Платиналы Тарлан» марапатының, «Фомгед» халықаралық би фестивалі (Түркия) алтын медалінің, мәдениет және өнер саласындағы халықаралық Сократ сыйлығының иегері.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама