×

Дрезденде екі адамды тұтқынға алған қылмыскердің көзі жойылды

Қылмыскер психикалық дертке шалдыққан болуы мүмкін

 Халық үні 11.12.2022 | 01:57
фото: telegraf

Германияның Дрезден қаласындағы «Altmarkt-Galerie» сауда орталығында 10 желтоқсан күні таңертең екі адамды тұтқынға алған қылмыскердің көзі жойылды. Бұл туралы ҚазАқпарат DW ақпарат порталына сілтеме жасап хабарлайды.

Шабуыл жасаған ер адам тұтқындарды құтқару арнайы операциясы кезінде жараланып, кейін көз жұмды. Полицияның алдын ала мәліметіне сәйкес, қылмыскер психикалық дертке шалдыққан болуы мүмкін.

Мәлім болғандай, 10 желтоқсан күні таңертең қаруланған ер адам жергілікті «Radio Dresden» радиостанциясының ғимаратына басып кірмек болған. Ол кіреберістегі басты есікке оқ жаудырған, алайда ішке ене алмады. DW порталының мәліметінше, радиостанция қызметкерлері қауіпсіз жерге қашып үлгерген. Кейін ол көлікпен қала орталығына барып, «Altmarkt-Galerie» сауда орталығындағы шаруашылық тауарларын сататын дүкеннің біріне жасырынған.

Осыған байланысты сауда орталығы мен оның маңындағы аудан тұрғындары эвакуацияланды. Қауіпсіздік мақсатында Рождество мерекесіне арналған тауарлар сатылатын жақын жердегі базар жабылды.

Артынша Дрезден полициясы қаланың Пролис ауданындағы көпқабатты үйлердің бірінен 62 жастағы әйелдің мәйіті табылғанын хабарлады. Құзырлы орган бұл өлімге марқұмның 40 жастағы ұлын күдікті деп тапты. Полиция бұл қылмысты Дрезден орталығындағы адамдарды тұтқынға алу оқиғасымен байланысты деп отыр.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама