×

Петропавлдағы ЖЭО-да ер адам қайтыс болды: оқиғаның мән-жайы айтылды

Қайғылы жағдай бесінші қарашада болған

 Самат Жақып 09.11.2022 | 14:01
Halyq Uni / Samat Zhaqyp

Петропавлдағы жылу электр орталығында құрылыс-монтаждау жұмыстары кезінде қаза тапқан азаматтың кім екені белгілі болды, деп хабарлайды Halyq Uni.

Қайғылы оқиға 5 қарашада болған. Ер азамат жедел-жәрдеммен бірден нөмірі үшінші қалалық ауруханаға жеткізілді. Алған жарақаты ауыр болып, 7 қарашада медициналық мекемеде қайтыс болған. 

Марқұмның Қызылорда облысының тумасы екені анықталды. 2000 жылы туған азамат қазанда «Строй Центр Арсенал» ЖШС-ға монолитші болып жұмысқа қабылданған.

Аталған мердігер компания қаладағы стратегиялық нысанда қайта қалпына келтіру жұмыстарымен айналысып жатыр. 

5 қарашада бригада түтін соратын бөлімнің шатырын ауыстырып жатқан. Бірақ марқұм белгісіз себептермен жұмыс алаңында болмаған. Ол №3 қазандықтың газ құбырларының жанында жүрген. Сол кезде осы маңда жинақталып тұрған металл конструкциялары оның үстіне құлап кеткен.

Аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды.

«Марқұмның отбасына материалдық көмек көрсетілді. 22 жастағы азамат бізге Қызылорда облысынан жұмыс істеуге келген еді. Үйленбеген. Барлық қызметкер жұмысқа кіріспестен бұрын қауіпсіздік техникасы бойынша нұсқамадан өтті. Марқұмның туған-туыстарына көңіл айтамыз», - деді «Строй Центр Арсенал» ЖШС директоры Всеволод Сысолятин.

Айта кетейік, 2022 жылдың наурызында Петропавлдағы жылу электр орталағында түтін мұржасы опырылып, үйіндінің астында 1984 жылы туған машинист-қараушы әйел қалған.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама