×

Үш жылда жалға берілетін 12 мың пәтер салынады

Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге қарастырылған

 Дастан Жұмабекұлы 09.11.2022 | 11:36
фото: sputnik.kz

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі мемлекет басшысының жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз ету туралы тапсырмасына орай кешенді іс-шаралар жоспарын қабылдады. Осыған байланысты алдағы үш жылда Астана, Алматы және Шымкент қалаларында жастар үшін жалға берілетін 12 мың пәтер салынады.

«Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасына сәйкес, 2025 жылға дейін жыл сайын 3 мың пәтер салу және сатып алу көзделіп отыр. Биыл осы мақсатта республикалық бюджеттен 21,6 млрд теңге қарастырылған.

Бұл үйлерді жалға алған адам сатып ала алмайды. Ол жастарға өз баспанасының бастапқы жарнасына ақша жинау үшін бес жылға беріледі. Ал кейін босаған үй келесі үміткерлерге тапсырылады.

Жалпы алғанда, 2019 жылдан бері «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде жұмыс істейтін жастарға Астана, Алматы мен Шымкентте 7 мыңға жуық жалға берілетін пәтер салынды.

Бүгінде Астана қаласында «Елорда жастары», Алматы қаласында «Алматы жастары», Қарағанды облысында «Қарағанды жастары», Жамбыл облысында «Әулие ата жастары», Батыс Қазақстан облысында «Орал жастары», Қостанай облысында «Қостанай жастары», Алматы облысында «Алатау жастары», Атырау облысында «Атырау жастары»  тұрғын үй бағдарламалары іске қосылды. Бұдан бөлек, Павлодар облысында «Ертіс жастары», Абай облысында «Абай жастары», Ақтөбе облысында «Ақтөбе жастары» өңірлік несиелендіру бағдарламалары даярлануда.

Өңірлік бағдарламалар жұмыс істейтін жастарды тұрғын үймен қамтамасыз етуге бағытталған, сондай-ақ жергілікті бюджеттен және 5 пайыз мөлшерлемемен жеңілдетілген. Алғашқы жарна -10 пайыз. Несиелендіру мерзімі – 25 жылға дейін.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама