×

Дәрігер тұмау кімдерге өте қауіпті екенін айтты

Дәріні орынсыз пайдаланудың салдары ауыр болуы мүмкін

 Дәурен Ерболат 03.11.2022 | 16:56
фото: ОКҚ

Астана медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешева тұмаудың жаңа туған нәрестелерге өте қауіпті екенін айтты деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Алдымен дәрігер жәдел-жәрдем көлігін қандай жағдайда шақыру керектігін жеткізді.

Балаңызда төмендегідей симптомдар болса, міндетті түрде көңіл бөліңіз: баланың дене қызуы көтеріліп, ол түспесе, қайта-қайта құса берсе, тамақ ішпесе, дене қызуы көтеріліп, тоңып жатса, бұл – қауіпті. Сондықтан ата-аналар осындай жағдайда жедел-жәрдем көлігін немесе дәрігер шақыртуы керек, - деді Динагүл Баешева ОКҚ-дағы баспасөз мәслихатында.

Маманның айтуынша, дене қызуының болуы организмнің инфекциямен күресіп жатқанын көрсетеді.

Егер баланың дене қызуы 38 градусқа көтеріліп, бірақ көңіл-күйі жақсы, тамаққа тәбеті болса, одан қорқудың керегі жоқ. Жағдайды дәрігерге айтып, бірінші ауырған күннен бастап баламен үйде отыру керек. Сонымен қатар, үлкен адамдар ауырса, өзіңізді күтіп, баласы бар үйге бармау керек. Қонаққа баруды, қыдыруды тоқтатқан жөн. Әсіресе, тұмау жаңа туған нәрестелерге өте қауіпті. Сондықтан осындай сақтық шараларын қолға алған жөн, - деді ол.

Динагүл Баешева тұмау жұқтырғанда қандай дәрілерді пайдалану керектігін де түсіндірді.

«Дәрі қолданған кезде тек дене қызуын түсіретін препаратты пайдалану керек. Антибиотиктерді сатып алып, пайдаланбау қажет. Өйткені баланың жағдайы нашарлап кетуі мүмкін», - деп түйіндеді сөзін дәрігер.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама