×

Әлем чемпионаты: футболдан төрт жылда бір өтетін доданы қайдан көруге болады?

Мундиаль 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катардың бес қаласында болады

 Дастан Жұмабекұлы 03.11.2022 | 11:01
фото: ашық дереккөзден біріктірілген

«Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналары футболдан Катарда өтетін әлем чемпионатын тікелей эфирде көрсетеді.

«Qazaqstan» телерадиокорпорациясы 20 қараша мен 18 желтоқсан аралығында Катарда өтетін футолдан әлем чемпионатын көрсету құқығын иеленді. Жанкүйерлер мундиальдың матчтарын «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарынан тікелей эфирде көре алады. Сонымен бірге qazaqstan.tv және qazsporttv.kz сайты мен «Qazaqstan.tv» мобильді қосымшасы арқылы онлайн трансляция жасалады, –  делінген корпорацияның хабарламасында.

ХХІІ әлем чемпионаты Катардың 5 қаласында 8 стадионда болады. Трансляциялардан бөлек, бір ай бойы тікелей эфирде арнайы бағдарламалар циклы ұйымдастырылады.

20 қарашадан бастап «Qazaqstan» телерадиокорпорациясының түсірілім тобы Катар стадиондарынан репортаждар ұсынып, тікелей қосылымдарға шығады. Чемпионат кезінде корпорацияның әлеуметтік желідегі парақшаларында жанкүйерлер арасында футбол атрибуттары ойнатылады.

Елімізде ХХІІ әлем чемпионатының ойындарын көрсету құқығы тек «Qazaqstan» республикалық телерадиокорпорациясына тиесілі. Чемпионатты өзге ақпарат көздерінен трансляциялауға, таратуға тыйым салынады. Ел аумағындағы мемлекеттік және жекеменшік ғимараттар мен қоғамдық орындардағы көрсетілімдер де тек «Qazaqstan» және «Qazsport» телеарналарының эфирі арқылы көрсетілуі тиіс.

Ойындарды жүргізетін комментаторлар мен матчтар кестесі жақын уақытта жарияланады.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ – 2022

Катарда футболдан әлем чемпионатына 32 елдің ұлттық құрама командасы қатысады. Олар сегіз топқа бөлінді.

Әр топтан үздік шыққан екі құрама 1/8 финалға жолдама алады. Одан кейін қарсыласын жеңген сегіз команда ширек финалға шығады.

А тобы: Катар, Нидерланды, Сенегал, Эквадор;

B тобы: Англия, АҚШ, Иран, Уэльс;

C тобы: Аргентина, Мексика, Польша, Сауд Арабиясы;

D тобы: Франция, Дания, Тунис, Австралия;

E тобы: Испания, Германия, Жапония, Коста-Рика;

F тобы: Бельгия, Хорватия, Марокко, Канада;

G тобы: Бразилия, Швейцария, Сербия, Камерун;

H тобы: Португалия, Уругвай, Оңтүстік Корея, Гана.

Футболдан әлем чемпионаты төрт жылда бір рет өтеді. FIFA шешімімен мундиальды 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастырады. Оған 32 ел емес, 48 ел қатысады деп жоспарланған.

Айта кетері, 20 қарашада Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау өтеді. Дәл осы күні Катарда әлем чемпионаты басталады. Сыртқы істер министрлігінің хабарлауынша, Катарға барған отандастарымыз бен Қазақстанның осы елдегі дипломатиялық мекеменің қызметкерлері елшіліктің жанынан құрылған № 280 сайлау учаскесінде дауыс бере алады.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама