×

Сайлау күні Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады: қазақстандық жанкүйерлер қалай дауыс береді

53 мемлекетте сайлау учаскесі ашылады

 Айгерім Таубай 22.10.2022 | 14:44
Коллаж: Халық үні

Қазақстан президентін кезектен тыс сайлау 2022 жылдың 20 қарашасында өтеді. Дәл осы күні Катарда футболдан әлем чемпионаты басталады.

Соған байланысты Halyq Uni елдің сыртқы істер министрлігінен қазақстандық жанкүйерлер қай жерде дауыс бере алатынын сұрады.

Министрліктің хабарлауынша, Қазақстанның Катар мемлекетіндегі елшілігінің жанынан №280 сайлау учаскесі құрылды.

Оның мекенжайы – Doha, AlDafna, Zone 66, Saha str., build 93, P.O.Box 23513. Байланыс нөмірі – (+974) 44128015, 44110527.

«Белсенді сайлау құқығы бар, тиісті шет мемлекетте тұратын немесе жеке, қызметтік, оқу, іскерлік пен туристік мақсатпен жүрген ҚР азаматының жарамды паспорты бар азаматтар сайлауда дауыс бере алады. Олар сайлау учаскесі құрылған Қазақстанның дипломатиялық немесе консулдық өкілдігіне жүгінсе болады», - деп жауап берді СІМ Halyq Uni ресми сауалына.

Сайлау учаскесі жергілікті уақыт бойынша таңғы жетіден бастап ашық болады.

Катарда жүрген Қазақстан азаматтары сол елдің 07:00-ден 20:00-ге дейінгі уақыты аралығында дауыс бере алады, - делінген ақпаратта.

Айта кетейік, сыртқы істер министрлігі Қазақстанның шетелдегі мекемелерінің жанынан 53 шет мемлекетте 68 сайлау учаскесі құрылғанын хабарлады.

КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТ САЙЛАУЫ

Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының президенттігіне 6 кандидатты тіркеді. Оның ішінде 2 әйел және 4 ер адам бар. Ішінде 1 мемлекеттік қызметкер, 1 коммерциялық құрылымның өкілі, 4 үкіметтік емес сектордың өкілі, оның ішінде 1 саяси партияның өкілі бар.

Осылайша 2022 жылдың 20 қарашасында өтетін Қазақстан президентін кезектес тыс сайлауына Халық коалициясы атынан Қасым-Жомарт Тоқаев, «Ауыл» халықтық-демократиялық патриоттық партиясы атынан Жигули Дайрабаев, «Кәсіби әлеуметтік қызметкерлердің ұлттық альянсы» республикалық қоғамдық бірлестігі Қарақат Әбден, «Қазақ аналары – дәстүрге жол» республикалық қоғамдық бірлестігі Салтанат Тұрсынбекова, Жалпыхалықтық социал-демократиялық партиясы Нұрлан Әуесбаев, «Аманат» Қазақстанның кәсіподақтар ынтымақтастығы» республикалық кәсіподақтар бірлестігі атынан Мейрам Қажыкен қатысады.

Сайлау алдындағы үгіт 21 қазан сағат 18.00-ден кейін басталып, 2022 жылдың 19 қараша сағат 00-00-ге дейін жалғасады.

ӘЛЕМ ЧЕМПИОНАТЫ – 2022

Катарда футболдан әлем чемпионаты 2022 жылдың 20 қарашасында басталып, 18 желтоқсанда аяқталады. Әлем кубогына қатысатын 32 команда сегіз топқа бөлінді.

32 команда алдымен сегіз топқа бөлініп, топтық кезеңде ойнайды. Әр топтан үздік шыққан екі команда 1/8 финалға жолдама алады. 1/8 финалда қарсыласын жеңген сегіз команда ширек финалға өтеді.

  • А тобы: Катар, Нидерланд, Сенегал, Эквадор;
  • B тобы: Англия, АҚШ, Иран, Уэльс;
  • C тобы: Аргентина, Мексика, Польша, Сауд Арабиясы;
  • D тобы: Франция, Дания, Тунис, Австралия;
  • E тобы: Испания, Германия, Жапония, Коста-Рика;
  • F тобы: Бельгия, Хорватия, Марокко, Канада;
  • G тобы: Бразилия, Швейцария, Сербия, Камерун;
  • H тобы: Португалия, Уругвай, Оңтүстік Корея, Гана.

Футболдан әлем чемпионаты 4 жылда бір рет өтеді. FIFA шешімімен 2026 жылы АҚШ, Канада, Мексика бірігіп ұйымдастырады. Оған 32 ел емес, 48 ел қатысады деп жоспарланған.

Ал 2018 жылғы футболдан әлем чемпионатын Ресей ұйымдастырды. Жартылай финалда Франция Бельгияны 1:0, Хорватия Англияны 2:1 есебімен жеңді.

Финалда Франциядан Хорватия 4:2 есебімен жеңіп, әлем чемпионы атанды. 

Серіктес жаңалықтары

Сараптама