×

Тоқаев «Рақымшылық жасау туралы» заңға қол қойды

Жалпы рақымшылық 1 500-дей адамды қамтиды

 Динара Амантай 02.11.2022 | 17:21
Фото: Владимир Третьяков

Мемлекет басшысы «Рақымшылық жасау туралы» Қазақстан Республикасының заңына қол қойды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Бұдан бұрын, яғни 27 қазанда Сенат депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын қабылдаған болатын. Депутат Ләззат Сүлейменнің айтуынша, заң жобасы теріс қылық, ауырлығы төмен және орташа қылмыс жасағандарды жазадан толық босатуды көздейді. Ал жазасын өтеп шыққандардан соттылық алынады.

Алайда бұл шараны қылмыс жасағандарды ақтау немесе кінәсіз деп тану ретінде түсінуге болмайды. Бұл шара – қаңтар оқиғасына қатысушыларды жазадан босату туралы президенттің шешімі. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстарды жасағандарға жаза мерзімін қысқарту көзделген. Ауыр қылмыстар үшін сот тағайындаған мерзімнің төрттен үш бөлігі, ал аса ауыр қылмыстар үшін мерзімінің жартысы қысқарады. Егер сотталған тұлғаның жазаны өтеу мерзімі бір жылдан аз болса, онда ол толық жазаны өтеуден босатылады. Жалпы рақымшылық 1 500-дей адамды қамтиды.

Бұл ретте рақымшылыққа ілінетіндер – заңсыз үгіт-насихатқа еріп, ұрлық, бүлік, өртеу жасағандар. Бұл адамдар сотпен жазаның неғұрлым жеңіл түріне тартылады. Ал террористер, экстремистер, рецидивистер, азаптау жасағандар, тәртіпсіздіктерді ұйымдастырушылар, мемлекетке опасыздық жасағандар оған ілінбейді.

Еске сала кетсек, бұған дейін белсенділердің күштік құрылым қызметкерлеріне рақымшылық жасалатынына наразы екендігі туралы хабарлаған болатынбыз.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама