×

Колледждерде 133 мамандық және 164 біліктілік бойынша лицензиялар жойылды

Кейбір білім беру ұйымдары қажетті оқу құралдарынсыз мамандар дайындап келген

 Динара Амантай 02.11.2022 | 12:00
Фото: almaty.tv

2022 жылдың басынан бері 57 қазақстандық колледж 133 мамандық пен 164 біліктілік бойынша лицензияларға қосымшаларды қайтарды деп хабарлады Halyq Uni тілшісі.

Оқу-ағарту министрлігі өкілдерінің мәліметінше, оқытуы сапа стандарттарына сәйкес келмейтін, кадрлар даярлауға жағдай жасалмаған немесе нарықта сұранысқа ие емес мамандықтар бойынша лицензиялардың күші жойылған.

Көптеген колледж білім беру ұйымының бейініне сәйкес келмейтін мамандықтар бойынша лицензияларды қайтарды. Мысалы, педагогикалық колледжде заңгерлерді, ал экономикалық колледжде мұғалімдерді даярлауға лицензияның қосымшасы болған. Сондай-ақ кейбір колледждер қажетті оқу құралдарынсыз мамандар дайындап келген.

Оқу-ағарту министрлігі колледждердің профилі бойынша жұмысты жалғастырып жатыр. Кадрларды даярлау үшін жағдайлар жоқ бейінді емес мамандықтардың лицензияларын қайтару ТжКБ ұйымдарына «сұранысқа ие» және бейінді мамандықтарға назар аударуға мүмкіндік береді. Бұл техникалық және кәсіптік білім беру сапасын арттыру үшін қажет. Білім алуға қажетті жағдай жасалмаған, құрал-жабдықтар, шеберханалар, мұғалімдер мен оқытушылар жоқ колледждерде мамандықтарды қысқарту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр», - деді Оқу-ағарту министрлігі Білім сапасын қамтамасыз ету комитетінің төрағасы Ернұр Дәуенов. 

Еске сала кетсемк, бұған дейін елімізде диплом мен аттестат QR-код арқылы берілетіні туралы хабарлаған болатынбыз. Бұл туралы Үкімет отырысында білім беруді дамытудың 2026 жылға дейінгі тұжырымдамасын талқылау кезінде Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті. Оның айтуынша, мектептердегі оқулықтарды таңдау мен мониторингілеу цифрлы форматқа көшіріледі. Аттестаттар мен дипломдар QR-кодпен цифрлық форматта беріледі.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама