×

Петропавлда ер адамның әрекетінен кейін бірнеше тұрғын үй газсыз қалды

Ер адам екі жыл төрт айға бас бостандығынан айырылды

 Самат Жақып 28.10.2022 | 14:44
Halyq Uni

Петропавлда көпқабатты тұрғын үйлерге жалғанған газ құбырларының бұрандасын ұрлаған азаматқа сот үкімі шықты. Ер адам бірнеше рет ұрлық жасап, қолды қылған темірді металл қабылдау орнына өткізген, деп хабарлайды Halyq Uni тілшісі.

Солтүстік Қазақстан облысының орталығында жазда осындай бірнеше дерек тіркелген. Соның салдарынан көгілдір отын ауаға тарап, жағымсыз иіс тұрғындарды әбігерге салған.

Мамандардың айтуынша, газдың ауаға тарағанынан адам уланып қалуы мүмкін.

СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, қазір қалада қылмыстың осы түрі өршіп тұр.

Соның салдарынан тамызда Жас өркен шағын ауданында үш бірдей тұрғын үй бірнеше күн газсыз қалды.

Ұрлық фактісі жиіліп кеткен соң қаланы газбен қамтып отырған «Горгаз-север» ЖШС полицияға арыз түсірген. Тәртіп сақшылары Қызылжар ауданының 26 жастағы тұрғыны ұстады. Тергеу барысында оның бұған дейін де осындай қылмысқа барғаны белгілі болды.

«Горгаз-север» ЖШС мамандары жаз айларынан бері осындай 30 бұранданың жоғалғанын айтып арыз түсірді. Оның әрқайсысының құны шамамен 11 200 теңгеге бағаланатынын айтты. Күдікті табылды. Ол тергеу барысында газдың таралып, жарылыс болуы жайлы мүлде ойламағанын жеткізді. Бұрандаларды қолмен бұрап иемденіп отырған. Ұрланған заттардың бір бөлігін металл қабылдау орталықтарынан таптық», - деді Петропавл қаласы ПБ тергеу бөлімінің бастығы Нұржан Омаров.

Айтуынша, өрт шығу дерегі тіркелмеген. Материалдар жинақталып, қылмыстық кодекстің 189-бабы 2-бөлігі «ұсақ ұрлық» және 188-бабы 3-бөлігі «ұрлық» бойынша сотқа жолданды.

Сот шешіміне сәйкес, 26 жастағы ер адам 2 жыл 4 айға бас бостандығынан айырылды.

Серіктес жаңалықтары

Сараптама